БҚО-да газ өндеу зауыты салынады
Елімізде келер жылы Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытын салу жоспарда. Тәуелсіздік жылдардағы ең басты жетістіктің бірі – энерготәуелсіздікке қол жеткізуіміз. Егер 2000 жылдардың басында Батыс Қазақстан облысына қажетті қуаттың 95% Ресейден импортталған болса, қазір электр энергиясының 98% өңірдің өзінде өндіріледі. Тек шалғайдағы Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандары ғана электр тоғын шеттен сатып алады.
Көршіге кіріптарлықтан құтылу мақсатында келер жылы қос ауданға 6 мегаваттық газопоршенді қондырғы орнату жоспарланған. Қазір Энергетика министрлігімен бірлесе инвестиция көздері анықталуда. Сондай-ақ облыста электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келе жатқандықтан, келешекте ішкі генерацияны арттыру көзделген.
Мирас Мулкай, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- «Батыс Пауэр» 100 мегаватт қуаттылығы бар. Оны 200 көтеру, УГТС-ке тағы бір турбина қою, осындай іс-шаралар жоспарымыз бар. Бірақ газ жетіспеуі байқалады. Сәйкесінше газ сұрағын шешу бойынша Үкіметтің тапсырмасымен Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, Қарашығанақ кен орнында жаңадан газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. 4 млрд текше метр газға жылына. Сәйкесінше газ зауыты іске қосылғасын, осы аталған мәселелерді шешу жолдарын іздестіретін боламыз.