Жеке облыс болып құрылған өңірлер 2023 жылды табысты аяқтады
Өткен жылы еншісін алып, жеке облыс болып құрылған өңірлер 2023 жылды табысты аяқтады. Абай облысында әлеуметтік нысандар, оның ішінде тұрғын үй құрылысы қарқын алса, Алматы облысы көлік-логистика саласына көп көңіл бөліп отыр. Ал Ұлытауда ұзақ жылдан бері қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін таба бастады.
Бұл жылды Алматы облысы экономикалық әлеуметтік дамуда жақсы нәтижелермен қорытындылады. Биыл 34 жаңа өндіріс орны іске қосылды. 7 өндіріс орны кеңейтіліп, 1100 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыстың кәсіпорындары өнім өндіруде 70% қазақстандық шикізатты қолданады. Отандық шырындардың 85%, сусындардың 60% осында шығарылатынын облыс мақтан тұтады. Мұнда жалпы көлемі 85 га 55 жылыжай, сыйымдылығы 130 мың тонна 71 қойма бар. Қазір жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салынуда. Қонаев мен Алматы қаласы арасындағы G4City жобасы қайта жанданды. Бұл экономикалық өсудің басты белгілерінің бірі ретінде қарастырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша G4 City-ті жеке әкімшілік бірлік ретінде құру жұмыстары жүргізілуде.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
-Индустриялық аймақты дамытуды бастадық. Оның ең жақсы қырқынды бүгінгі күнге дамып келе жатқаны ол «Қайрат» индустриялық аймағы. Ол 198 га болады. Бүгінгі күнге сол 198 га бір шаршы метрі де бос емес. Толық инвесторлар кіріп, жұмыстарын бастап кетті. Ең алғашқы екеуі зауыт құрылыстарын аяқтады.
Абай облысында әсіресе құрылыс қарқынды. Қазіргі уақытта 54 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Оның 30-ға жуығы тұрғын үй. Жалпы биыл аймақта 28 нысан пайдалануға берілген. Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – мектеп тапшылығы. 9 мыңға тарта балаға орын жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін облыста 5 мектептің құрылысы басталды.
Айдын Бегімбеков, Абай облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
-Екеуі осы Семей қаласында. Біреуі 600 орындық Восточный кентінде басталып кетті құрылысы. Екіншісі, осы 1200 орындық. Одан кейін Бесқарағай ауданында, Аягөзде және Ақсуат ауданында тағы да үш мектептің құрылысы бастауын тапты. Бұдан бөлек жалпы саны 11 мектеп жайлы мектептің тағы да 6 мектептің құрылысы алдағы жылы басталатын болады. Олардың аяқталу мерзімі 2025 жылдың қыркүйегінде.
Ал Ұлытау өңірі үшін биыл ең маңызды мәселе шешімін тапты. Ауызсудың тең жартысын ашық су қоймасынан тұтынатын Жезқазған жұртын сапалы ауызсумен қамту үшін қос бірдей жоба жүзеге аса бастады. Соның бірі — су тазалаудың ең озық технологиясы бойынша жұмыс жасайтын кешен құрылысы.
Мәруа Келмағанбетова, Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
-Жобаның маңызы өте жоғары. Себебі су тазартудың ең соңғы үлгісі — мембрандық технология, кері осмос технологиясы пайдаланылады. Қазақстан бойынша қуаттылығы үлкен жоба осы біздің қалада жүзеге асуда. Шаруашылық қолданысқа берілген кезде судың сапасы өте жоғары деңгейде болады.
Суды тазалап ішу мәселені түпкілікті шешпейді. Халық сапалы жерасты суын талап етіп отыр. Ол су қаладан 50 шақырым қашықта. Жеткізетін құбыр шіріген. Тұрғындардың 30 жыл күткен тілегі жеке дара облыс болған соң орындала бастады. «Үйтас-Айдос» жерасты су қорынан Жезқазғанға дейінгі құбыр жаңартылып жатыр. Биыл жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Сәтімен жүзеге асса келер жылы жезқазғандықтар сапалы ауызсумен толықтай қамтамасыз етіледі.
Авторлары: Елдос Какенов, Азамат Қасым, Алмас Садуақас