Алматылық криминалист күдіктіні анықтауға үлес қосты
Ауыр қылмысты ашып, күдіктіні анықтауда криминалист мамандардың салмағы басым. Жақында ғана ақша айырбастау пунктіне шабуыл жасаған күдіктіні анықтауда алматылық криминалист-одоролог Ботакөз Ағабекова үлкен үлес қосты.
Тәжірибелі маманның оқиға орнынан алған иіс белгілері арқылы қылмыскер көп ұзамай қолға түсті. Жауапкершілік пен табандылықты ту еткен еңбек адамы тілшіміздің тақырыбына өзек болды.
Ботакөз Ағабекованың иығына погон таққанына 20 жылға жуықтапты. «Болмысыма қарамай ауыр мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін», - дейді ол. Себебі полиция қызметкері болуды ол бала кезден армандапты. Тіпті оқушы кезінде жаңажылдық мерекеге әскери киім киіп барғанын қазір күліп есіне алады. Алайда бала арманының шындыққа айналуына әкесі қарсы болыпты. 35 жылын полиция қызметіне арнаған полковник Әшірбек Ағабеков қызының қиындығы басым жолмен жүруін қаламапты.
Ботагөз Ағабекова, полиция майоры:
- Басында әкем қарсы болды. Себебі ол полиция қызметкері болу эмоцианалдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да әйел адамға ауыр деп есептейтін. Бірақ уақыт өте келе менің бұл мамандықты жүрегіммен қалайтынымды түсініп, батасын берді. Қазір енді әкеммен әріптеспін, зейнетте болса да ол кісі маған үнемі кеңесін беріп, жол сілтеп отырады.
Қазір Ботакөз ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеу жөніндегі жедел тергеу тобының құрамында қызмет етеді. Жақында ғана ақша айырбастау пункттерінің біріне шабуыл жасалып, күдікті оқиға орнында ешқандай із қалдырмаған екен. Соған қарамастан Ботагөз Ағабекова сол жерден табылған гильзадан иіс белгісін алып, күрделі және бірегей сот-медициналық зерттеу – одорологиялық сынама алып, сәйкестендіру жұмыстары арқылы күдікті қолға түсті.
Ботагөз Ағабекова, полиция майоры:
- Криминалистика – полиция қызметінің өте қызықты бөлігі деп айтар едім. Өйткені біз бұл жерде көбірек ғылыми тұрғыда жұмыс істейміз. Басқа қылмыс айғақтары болмаған жерде мысалы, қылмыскер қолғап киіп алса, саусақ іздері қалмайды, сондай жерде иіс белгілерін алуға болады. Себебі адамның саусақ іздері сияқты өзіне тән иісі болады. Оны өзгерту мүмкін емес. Қолға түскен күдіктінің донорлық иісі арқылы арнайы үйретілген иттердің көмегімен иістерді сәйкестендіру жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде Ботакөз өзінен кейінгі буынға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Оның біліктілігін ұжымдастары да жоғары бағалайды.
Ернар Құлмұхамбетов, Алматы қаласы ПД жедел криминалистика басқармасының басшысы:
- Қылмыс болған жерге бірінші барып, сол жерде сапалы жұмыс атқарып, ең бірінші барса, ең соңынан кетеді, негізі криминалистердің жұмыстары сондай. Оның ішінде Ботакөз нәзік жандылығына қарамастан сондай ауыр қылмыстарға күні-түні демей, ауа райының қолайсыздығына қарамай неше түрлі жағдайларда жұмысын атқарып жүрген маман.
Ботакөз отағасы екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр. «Балаларым менің жолымды таңдаса, қарсы болмаймын», - дейді ол.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев