Қарағанды облысында 30 жұмысшыға әлеуметтік төлем тағайындалды
Оның мөлшері - 208 мың теңге. Биылдан бастап зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген азаматтарға осынша мөлшерде әлеуметтік төлем берілмек.
Ол үшін 55 жасқа толған және кемінде 7 жылдық зейнетақы жарнасы бар азамат жеңілірек жұмысқа ауысуы керек. Немесе демалысқа шығуы шарт. Бұл қаржы 63 жасқа дейін төленеді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегі бойынша биыл елімізде 37 мыңнан астам жұмысшы осы төлемді алуға құқылы.
Юрий Пономарёв, металл бөлшектерді кесуші:
- 63 жасқа дейін ауыр жағдайда жұмыс істеу оңай емес. Бізге таңдау берілді. 55 жастан бастап жеңіл жұмысқа ауысып, не мүлдем демалысқа шығуға болады. Бұл әлбетте құптарлық дүние. Біздің ай сайынғы айлығымыздың өзі 180 мың теңге көлемінде. Ал арнайы төлем айлықтан да көптеу болуы мүмкін.
Ләззат Сембек, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы:
- Құжат жинаудың ешқандай қажеті жоқ. Ол кісілер өз мекемесінде зиянды жұмыстан шығу туралы өтініш беруі қажет. Сол өтініш беріліп, еңбек шарты бұзылғаннан кейін бұл мәлімет Enbek.kz сайтына жүктелетін болады.