Донорлық органдарды құтқаратын жаңа құрылғы ойлап табылды
Астаналық дәрігерлер донорлық органдарды тасымалдау және сақтау, сондай-ақ адамның денесінен тыс емдеуге арналған жаңа құрылғы ойлап тапты. ALEM деп аталатын қондырғы жануарлардың жүректерін ауыстыру негізінде тәжірибеден сәтті өтіп, оның ғылыми негіздемесі қорғалып, патент алынды. Әзірге прототип нұсқасы дайын, қазір ол сериялық қолданысқа енгізіліп жатыр. Отандық мамандарды өнертабысқа итермелеген себеп ел аумағының үлкендігі. Мәселен донорлық жүректі 4-6 сағат ішінде тасымалдауға болады. Одан асып кетсе орган жарамсыз болып қалады. Ал ALEM аппараты қан айналымын тәуліктен астам уақыт тоқтаусыз қамтамасыз ете алады.
Юрий Пя, University Medical Center басқарма төрағасы:
-Біз бұл құрылғының мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыра береміз. Алдағы уақытта ALEM тек жүректің сақталуы ғана емес, қан айналымы бар бүйрек, бауыр сияқты органдармен қатар, қол, аяқ сияқты дене мүшелерінің трансплантациясына да қолдану мүмкін болатынына сенеміз. Өмірдің формуласы қарапайым – қозғалыс барда өмір бар. Яғни мына аппарат сол қажетті қозғалысты қамтамасыз етіп отырады. Біздің жағдайда ол қан айналымы. Сондай-ақ адамның ішкі органын осы аппаратқа салып, осында ота жасап, қайтадан адамға салатын мүмкіндік болады.
Кардиологтар медициналық инновацияны дамытуға серпін беріп отырған фактор ретінде созылмалы жүрек ауруларының елдегі статистикасы да себеп екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 800 мыңнан аса адам тұрақты түрде жүрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан. Сондықтан отандық трансплантология өрісінің отандық ғылыми жетістіктер негізінде кеңеюі - қажеттілік.