Жамбыл облысында балықшылар іздестіріліп жатыр
Жамбыл облысында осымен бесінші тәулік көлге балық аулауға кеткен екі азамат іздестіріліп жатыр. Олар өткен аптада Билікөлге ескекті қайықпен шыққан. Содан бері олардан еш хабар жоқ. 37 және 43 жастағы азаматтарды іздестіруге сүңгуірлерден бөлек, бірнеше дрон тартылды. Сондай-ақ еріктілер тобы көл маңайын қарап жатыр. Су айдынының жалпы аумағы 18 шақырым. Ауа райының күрт құбылуы да құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Қазір аймақта ауа температурасы 0-ден төмен. Кей жерде желдің жылдамдығы секундына 12 метрге жеткен.
Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Ені 8 километр. Тереңдігі әр жерде әртүрлі, 3-4 метр. Іздестіру жұмыстары оңай болуы үшін біз Билікөл көлін учаскеге бөлген болатынбыз. 91 учаске шықты. Құтқару жұмыстары суға батып кетуі мүмкін балықшыларды іздеп, тапқанға дейін жүргізіледі.