Марқакөл ауданында төтенше жағдай жарияланды
Еліміздің шығысындағы Марқакөл ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Себебі бір аптадан бері бұрқасын толастамай тұр.
Көріп тұрғандарыңыздай, кей жерде қардың қалыңдығы екі метрге дейін жеткен. Жол тазаланбағандықтан қатынау мүмкін емес. Қазір балалар қашықтан оқып жатыр. Халық азық-түліктің таусылып бара жатқанын айтуда.
Қыста еркін тебіндеп жайылатын жылқының өзі қарға көміліп жүре алмай жатыр. Марқакөл Шығыс Қазақстан облыстындағы шеткі Қытаймен шекаралас ауданның бірі. Облыс орталығы Өскеменнен 400 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қалың қардан қиналып жатқан ауылдың бірі — Марқакөл ауданындағы Төсқайың ауылы.
Сыртпен байланыссыз қалған аталмыш ауылға бүгін дәрігерлер тікұшақпен барыпты. Себебі 71 жастағы зейнеткер ищемиялық инсультке шалдыққан екен.
Ардақ Битинбаева, Төсқайың ауылының фельдшері:
- Осы ауылда істеймін. Науқасты шығара алмадық себебі бізде жол жоқ. Науқас инсульт алды. 4 күн бойы жанында болдым. Бүгін санавиация тікұшақпен келіп Өскеменге алып кетті.
Шығыстағы Марқакөл ауданында қазір 7 ауыл қар құрсауында қалған. Тұрғындардың хабарлауынша жолдың тазаланбағанына 10 тәуліктей болған. Бұрынғы жылдары 2-3 күннен аспайтын дейді. Сондықтан қазір тұрғындардың азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры таусылуға жақын.
Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
-Марқакөл-Төсқайың ауылы бағытында дәл қазір 5 техника жұмыс істеуде. 25 шақырымға дейін жол тазаланды. Әрі қарай жұмыстарын жалғастыруда және де Марқакөл, Қараой, Қайнарлы бағытындағы 30 шақырым жолдың 8 шақырымы ғана қалды және де сол окуругке қарасты Шанағаты, Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз ауылдарына азық-түлік пен алғашқы дәрі-дәрмектер жеткізілді.
Марқакөл Президент қаулысына сәйкес, өткен жылдың соңында, яғни желтоқсанның 29 күні аудан ретінде қайта құрылған өңір. Әзірше басшысы болмағандықтан, төтенше жағдайды Күршім ауданының әкімі жариялауға мәжбүр болған екен.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы