Елімізде донор тапшы
Әрі қан тапсыру қайырымды іс екенін көпшілігіміз ескере бермейміз. Көкшетауда 40-қа жуық ерікті қан тапсырып, өзгеге үлгі көрсетті. Енді олар мұндай акцияны жылына 2-3 мәрте өткізуді жоспарлап отыр.
Көкшетаулық волонтер Дидар Хамзин төрт жылдан бері жүйелі түрде қан тапсырып тұрады. Яғни осы орталыққа жылына 3-4 мәрте келеді. Ол: «Донор болу арқылы өзгеге көмектесіп, өзің де жақсылыққа кенелесің»,— дейді.
Дидар Хамзин, волонтер:
- Біреуге қан беріп, оның өмірін сақтап қалудың өзі керемет сезім ғой. Мен 18 жасымнан бастап қан тапсырып келемін. Тіпті әскерде жүрген кезде де донор болдым.
Қан тапсыру адамның ағзасына да пайдалы. Иммундық жүйесі жақсарып, қан қысымы реттеледі. Мұны белсенді жастар жақсы біледі.
Ерден Нұрмұхамет, қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы:
-Алты айда бір қан тапсырып отырса, қаның тазарады, денсаулығың жақсарады. Бізде қалада қан жетпей, қан сұратып жатады. Сол себепті үлесімізді қосайық, пайдамызды тигізейік деген мақсатта қан тапсырып жатырмыз.
Десе де, белсенділік танытқан жандардың барлығы бірдей донор бола алмайды. Мәселен, былтырдың өзінде 2,5 мыңға жуық адамның қаны жарымсыз болған. Жалпы аймақтағы ауруханалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін күн сайын 30 шақты адам қан беруі керек.
Гүлмира Қаркенова, қан орталығының дәрігері:
-Бір күнде шамамен 20-25 адам қан тапсырады. Бірақ кейде донорлар саны күрт азайып кетеді. Әсіресе мереке уақытында қан тапсырушылар мүлдем келмейді.
Қан тапсыру — сауапты іс. Донордың бір мәрте тапсырған қаны бірнеше науқасты аман алып қалуы мүмкін. Ал мұндай акциялар халықтың назарын қоғамдағы өзекті мәселеге аударып, игі іске жұмылдырады.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный