Елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталды
Биылдан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталды. Бұл жолы жеке кәсіпкерлер және жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары меншігіндегі мүліктері туралы мәліметті Кірістер комитетіне беруі керек. Атап айтқанда, шетелдерде тіркелген жылжымайтын мүлік, жер учаскелері мен көлік құралдары, бағалы қағаздар және шетел банктеріндегі қаражатты көрсету көзделген. Сонымен қатар декларацияда азаматтар банктегі есеп шоттардан тыс сақталған қолма-қол ақшасын да көрсетуі тиіс. Бұл мәліметтерді электронды немесе қағаз түрінде тапсыруға мүмкіндік бар. Электронды нұсқада көрсетемін десеңіз «e-Salyq Аzamat», «еGov mobile», мобильді қосымшаларын пайдалана аласыз. Декларация әр жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тапсырылуы керек. Мәліметтерді уақытылы ұсынбағандарға алғашында ескерту жасалады. Ал ескертуді елемегендерге 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.