1 наурыздан бастап елде бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі
1 наурызда еліміздің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнайды. Өзгеріс үш мегаполис пен 13 облысқа қатысты. Оның арнайы тізімі де шықты. Енді олар көктемнің алғашқы күнінде жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады. Бір уақытта өмір сүру ел экономикасы мен адамдардың өміріне қалай әсер етеді?
Бір тәулікте 24 сағат. Оған ешкім дауласпайды. Бірақ әр ел сағатты белгілеп, өз есебін жүргізеді. 20 ғасырдың басына дейін халқымыз күнге қарап-ақ бәрін есептеп келді. Қазір қолданыстағы ресми сағат тілі шамамен 1930 жылы бекітіліпті. Астана мен Алматыдан бастап еліміздің басым өңірі соны қолдануда. «1980 жылдары шетел тәжірибесін негізге алып кей облыстарда басқа уақыт белдеуі енгізілді. Содан бері шатасумен келеміз», - дейді ғалымдар.
Болат Нұрхожаев, хронобиология маманы:
- Бұл енді атам заманнан белгілі күн жоғары тұрған кезде сағат 12 болу керек. Сол уақыт өлшемі мектепте де балаларды оқытып жатырмыз. Енді қарап тұрсақ, уақыт 1,5-2 сағатқа озық. Қызылорда облысы 2018 жылы өзінің уақытына кешкен кезде ешқандай өзгеріс болған жоқ.
Әлемде 200 жуық мемлекет бар десек, соның ішінде 22 ел екі және одан көп уақыт белдеуін қолданады екен. 175 елде бірыңғай уақыт белдеуі бекітілген. Қазақстан осы қатарға қосылуға ниетті. Бізге оңтайлы нұсқа ретінде (Ю-ТИ- СИ) UTC+5 үлгісі таңдалыпты.
Әмір Қуат, биотехнолог ғалым:
- Негізінде Қазақстан территориясына 4 белдеу өтеді. Ол UTC+3,4,5,6. Бірақ 3 Батыс Қазақстанның кішкентай бөлігін қамтиды да, алтыншысы Шығыста кішкентай территорияны қамтып өтеді. Негізгісі 4 пен 5. 6 бізге биологиялық тұрғыдан ауыр болғандықтан, 5–ке көшкен бізге дұрыс болады.
Бірінші пайдасы түнгі ұйқы табиғи уақытқа жақындайды. Соның арқасында тынығу уақыты бір сағатқа ұзарады. Сондай-ақ табиғи жарықтың арқасында электр энергиясын қолдану азаяды. Бұл экономикалық тиімділігі. Қалааралық қатынау кезіндегі уақыт айырмашылығынан да құтыламыз.
Алтын уақыт. Ол әрқайсысымызға қатысты болған соң, уақыт белдеуін таңдау мәселесі бір жылға жуық талқыланды. 2023 жылдың ақпанында уақытты есептеу мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазіргі өзгеріс сол топтың ұйғарымын негізге ала отырып жасалуда. Өзгертулерге сәйкес Астана, Алматы мен Шымкент қалалары және Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа жылжиды.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы