Хабар телеарнасы

Әз-Жәнібекке арнап жазылған екі қолжазба табылды

Тарихқа тың дерек енді. Алтын Орда билеушісі Әз-Жәнібекке арнап жазылған екі қолжазба табылды. Алғашқысы 1334 жылы Әз-Жәнібек ханзада болып тұрған кезде, екіншісі хандық құрған 1350 жылы жазылған. Құнды жәдігерлер қазір Ыстамбұлдағы Топкапы сарайының қолжазбалар кітапханасында сақтаулы. Қос тарихи шығарма Алтын Орданың дәуірлеп тұрған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген қолжазбаларды ғалым Өмірбек Қанай тауып, Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивке электрондық нұсқасын әкелді. Енді араб, парсы тілінің мамандары мен тарихшылар бірлесіп, транскрипциясы мен аудармасын жасайды. Одан соң жеке кітап қылып басып шығару жоспарланған. Бұл жұмыстар «Архив-2025» кешенді жоспары аясында іске асырылды.

Өмірбек Қанай, орталық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері:
-Екі кітаптың да ішкі мұқабасында Османның сұлтаны екінші Баязиттің жеке мөрі басылған. Егер Осман сұлтанының мөрі басылған болса, бұл кітапты Алтын Ордадан Османның сарайына тарту ретінде барған кітап болуы мүмкін деп топшылауға болады немесе сол кездегі Орталық Азия топырағынан шыққан ғұламалар Осман сарайына апарған болуы мүмкін деп топшылауға болады.