Медицина қызметкерлерін заңмен қорғау керек — сенатор
Сенатор Амангелді Төлемісов медицина қызметкерлерін қорғау бойынша жеке норма қабылдауға шақырды. Айтуынша депутаттық сауал жасауына жақында Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісінің соққыға жығылуы түрткі болған. «Бұл оқиға бейнежазбаға түсіріліп, әлеуметтік желіде тарап кетті және қоғамның ашуын туғызды. Ал қоқан-лоқы көрсеткен бұзақы артынша қашып кеткендіктен әлі табылмай жатыр. Жәбір көрген жүргізуші болса, жарақатына байланысты ауруханада жатыр. Жалпы ел ішінде соңғы кездері мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Тіпті дәрігердің қолын сындырған фактілер кездеседі», - дейді депутат.
Амангелді Төлемісов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жедел жәрдем қызметкерлерінен бөлек жұмыс орнында соққыға жығылған медицина қызметкерлері де аз емес. Мысалы, Талғандағы аурханадағы оқиғадан дәрігерлердің бірі жансақтау бөліміне түссе, екіншісіне жабық ми жарақаты, мұрын сыну диагоноздары қойылғанын білеміз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі қорғаныс және ішкі істер саласы қызметкерлерімен теңестіріліп, қызметіне кедергі келтірілмеуіне жан-жақты жағдай жасалуын қолға алуды қарастыру керек.
Еске сала кетейік, жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жығу оқиғасы 27 қаңтар күні болған. Күдікті Нұрболат Дакебаевты құқық қорғау органдары іздеп жатыр. Әлеуметтік желіде ол Қарағандыдағы ойын-сауық орталықтарының бірінде күзетші болғаны, сондай-ақ Шымкентте жеке бизнесі бар деген ақпарат тарады. Бірақ бұл деректерді Ішкі істер министрлігі нақтылаған жоқ. Ал қоғам белсенділері болса Нұрболат Дакебаев ұсталған соң, осы іс бойынша ашық сот отырысын өткізу туралы бастама көтеруде.