Енді тұтыну деңгейі бойынша суға әртүрлі тарифпен төлеуге болады
Қазақстандықтар енді судың ақысын тұтыну деңгейі бойынша әртүрлі тарифпен төлейді. Мұндай өзгеріс Су кодексіне енгізілді.
Егер айына адам басына суды пайдалану 3 текше метрден асып, 5-ке жетсе, онда қолданыстағы тарифке 20% қосылады. 5 пен 10 текше метр аралығында тұтынғандар үшін төлем 50% қымбаттайды. Ал 10 текше метрден астам су қолданатындар екі еселенген тарифпен төлейді. Заң жобасын талқылаған Мәжіліс депутаттары елімізде тіршілік нәрі ысырап боп жатқанын айтады. Ал пайдаланылған суды қайта өңдеу деген жоқтың қасы.
Мәселен, қолданылған 1,3 млрд текше метр ауызсудың тек 3 проценті ғана өңделеді. Жаңадан салынатын су тазарту стансаларында осыны ескеру қажет. Одан бөлек, тапшылықтың алдын алу үшін ағын суды да кәдеге жарата білу керек. Ал ауызсуды ағыл-тегіл пайдаланып жатқан көлік жуу орталықтары мен моншалар қайта өңдеу технологияларын орнатуға міндеттеледі.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кіші көліктердің әрқайсысын жууға 200-250 литрдей су кетеді екен. Үлкен көліктерді жуғанда 500-700 литрдей су кетеді екен. Жалпы осы көлік жууға министрліктің есебі бойынша 100 млн куб су кетеді екен. Монша, сауналарда 120 млн кубтай су кетеді екен. Тарифін көтеріп, тазартатын су қондырғыларын қоятын болса, соншама су бізде үнем болар еді.