Ерекше балалардың ата-аналары зейнетке ерте шығуы керек
Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары зейнетке ерте шығуы керек. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде жиналған үкіметтік емес ұйым өкілдері осындай ұсыныс білдірді. Биыл ведомство қолдау шараларын арттырып, инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеуге кіріскен. Құжат елдегі 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға бағытталмақ.
Арман Құрманәлі 11 жаста. Туғалы сал ауруына шалдыққан. Есту кемістігі де бар. Балақай жігерлі. Әрбір жаттығуды бар ынтасымен жасайды екен. Кішігірім жеңіске жетуге ұмтылады.
Анасы әрдайым жанында жәрдемдесіп келеді. Оңалту орталықтарына апарып, дамуы үшін бар жағдайды жасап жүргенін айтады. «Алайда оқытуға келгенде, барлығы өзгеше»,- деп күрсінді.
Пернекүл Жүнісова, қала тұрғыны:
- Қоғамға сіңісу үшін балаларға жан-жақты қолдау керек. Ал бізде жан-жақты қолдау бола бермейді. Оқушылар біреуі түсінеді, біреуі түсінбейді.
Бүгінде Арман 4 сыныпта оқиды. Инклюзивті мектептің бағдарламасын қабылдау қиындаған соң, анасы оны арнайы сыныпқа берген.
Пернекүл Жүнісова, қала тұрғыны:
- Мектептің ішінде бөліп берген кабинеттері өте тар балаларға. Оның үстіне жылдан жылға саны көбейіп келе жатыр. Енді біздің қаладан сондай мектеп ашса екен деймін.
Бұл жағдай Нұргүл Ұлжековаға да таныс. Кезінде Арсланды аяққа тұрғызамын деп апармаған жері жоқ. «Бірақ басты шипа оңалту да емес, баланың қабілеттерін дамыту болды», - дейді ол.
Нұргүл Ұлжекова, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры:
- Ауруханадан көз ашпаған соң бала күйзеліске түсе бастады. Спортты қолға алғанымыз сол еді, ойлау жүйеміз өзгерді. Барлығы қолынан келетініне сеніп, ұлым жігерленді. Инклюзияны дамытқымыз келсе, спортқа зейін қою керек. Мемлекет бұған жағдай жасаса екен дейміз.
Жуырда бұл тілектер инклюзивті саясат тұжырымдамасында ескерілуі мүмкін. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, ұсыныстарын жинады.
Назгүл Сағындықова, ҚР Еңбек вице-министрі:
- Ол тек қанаЕеңбек министрлігіне, әлеуметтік салаға ғана қатысты емес. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм, транспорттық қызметтерге қолжетімділік қаржылық қызметтерге қолжетімділік осы барлық салаларды қамтитын болады.
Елімізде 725 мыңға жуық мүгедектігі бар адам бар. Тұжырымдамада тек олардың ғана емес, олардың қамқоршыларының да жағдайын жақсарту қарастырылса дейді.
Маржан Абдуллина, «Nasledie» қоғамдық бірлестіігінің директоры:
- Ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналарын зейнетке 53 жаста, ал әкелерін 57 жаста шығарса екен дейміз. Сондай-ақ оңалтуға балаларды ғана емес, ата-аналарын да жіберу орынды. Жылына 2-3 рет тегін оңалтудан өтсе, олардың психологиялық күйі жақсарады. Бұл бәріне пайдалы болады.
Инклюзивті саясат тұжырымдамасы жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Министрлік өкілдері құжатты жекелеген аймақтарда да талқылауға ниетті. Әрбір тілек, ұсыныс ескеріледі деген үміт бар.
Дана Әлиева, Болотбек Таблдиев, Айбын Құсанбеков