Онкологиялық дертке қарсы отандық дәрі шығуы мүмкін
Отандық ғалымдар ойлап тапқан қатерлі ісікке қарсы дәрі қазір сынақ түрінде 15 ерікті емделушіге салынған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бәрі сәтті өтсе, препарат 1-2 жылдың ішінде нарыққа шықпақ. Негізгі патент АҚШ-та болғанымен, лицензия Назарбаев университетіне тиесілі. Шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымды елге арнайы шақыртқан.
Атақты биотехнолог Дос Сарбасов АҚШ-тың Техас университетінде Андерсон үлкен онкологиялық орталығында жұмыс істеген. Қазақстанға арнайы шақыртумен келген бетте қатерлі ісік жасушасының қоректік процесін зерттеуге кірісіпті.
Дос Сарбасов, Назарбаев Университетінің профессоры:
- Қатерлі ісік клеткалары глюкозамен қоректенеді. Ал біздің ойлап тапқан әдіс ерекше. Оларды тамақтандырамыз деп алдап, ауру жасушаларды аштан өлтіру. Мәселен, мына С дәрумені мен мышлякты қатар қолданып, олардың көзін жоюға болады. Бұл әдіс әлем бойынша әлі де қолданылмаған.
Ғылымда жаңалық ашу көп еңбек етуді талап етеді. Дос Сарбасов бұл препаратты көп жыл іздену нәтижесінде ойлап шығарды. Қазір арнайы орталықта бекітілген нормаға сәйкес 2 сынау кезеңінен өтіп жатыр. 15 емделушіге осы дәрі салынып, бақылауға алынған. Егер оң нәтиже берсе, әрі қарай мың сырқатты емдеуге қолданылады. Сонан соң дәрі нарыққа шығарылады.
Дос Сарбасов, Назарбаев Университетінің профессоры:
- Егер шындап келгенде, ғылымға қаржы жақсы бөлінуде. Ғылым және жоғары білім министрлігі әрі қарай зерттеуді жалғастыру үшін тағы ақша бөлді. Бізге әлі де біраз уақыт керек. Себебі қазір дәрілерді аз қөлемде науқастарға беріп жатырмыз. Оның дұрыс емдеуге қауқарлы мөлшерін тапқанда, келесі кезеңге өтеміз.
DVC. Бұл - препараттың медицинадағы атауы. Алматыдағы онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында 15 науқас дәрінің сұйытылған түрі салынған. «Бірақ оның сақталу мерзімі қысқа. Сондықтан нарыққа шығарылатын кезде сұйық емес ұнтақ түрі жасалуы керек», - дейді ғалым.
Максим Покопцов, емделуші:
- Мен қатерлі ісікпен ауыратынымды 2017 жылы білдім. Ковид кезінде денсаулығым қатты сыр бере бастады. Ішек құрылыстағы қатерлі ісік жасушасын емдеуге қазақстандық ғалымдар жаңа әдісті тапқанына қуанып, оны қабылдауға келістім. Дәрігерлер: «Жағдайымды жақсы», - дейді. Қазір менде шаш түсу немесе басқа да бір кері әсерлер байқалып жатқан жоқ. Осыны дамытып жатқан ғалымдарға алғыс білдіремін.
Осыдан 30 жылдай бұрын елімізден белгілі ғалымдардың шетел асу тенденциясы белең алған. Қазір осы келеңсіздікті тоқтату үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі жүйелі жұмыстарды қолға алды. Оның алғашқы нәтижесі – осы Дос Сарбасовтың еңбегі.
Диана Қадыр, Қарлығаш Қайыпбекова, Қайрат Ақтөреев