«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасы жұмысын тоқтатты
Бұған кен қорының түгесілгені себеп болған. Жалпы Майқайыңнан береке қашқалы 1,5 ай болды. Қаңтардың 3-інен 4-іне қараған түні жер опырылып, құтқарушылар мінген автобус терең орға құлап кеткен еді. Екі құтқарушының денесі табылды. Ал автобус жүргізушісі мен тағы бір құтқарушының денесі әлі іздестіріліп жатыр. Содан бері комбинатта кен қазу жұмыстары тоқтап тұр.
Апаттан кейінгі тексеру көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Кеніште өндірістік қауіпсіздік сақталмаған. Кен қазылған жерлерге топырақ толтырылмаған. Соның салдарынан көптеген бос кеңістіктер пайда болған. Мұндай олқылықтар еліміздің басқа да шахталарында кездеседі.
«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасының тарихы тереңде жатыр. 1932 жылы құрылған кәсіпорын минералдық шикізат өндіріп, өңдеумен айналысады. Ал 1997 жылдың қарашасында шетелдік компанияның басқаруына берілді.
Бүгінгі күні пайдалы қазбаларға бай өлкенің тұрғындарынан маза кеткен. Олар құтқарушылар мінген автобус сияқты біз де бір күні жер астына құлап кетеміз бе деп қорқады. Солардың бірі Жамал Жұмабайқызы. Үйі кенішке тиіп тұр.
Жамал Жұмабайқызы, Майқайың кентінің тұрғыны:
- Ана 4 жігіт шахтада аварияға ұшырағаннан бері үрейде өмір сүріп жатырмыз. Астына түсіп кетеміз бе деп қорқып. Жарылыс болғанда қатты үй қозғалады. Қабырғалар түседі. Қорамыз құлайын деп тұр.
Алайда жергілікті әкімдік бұл үйлердің астында шахта жоқ, кеніштен қауіп төнбейді деп сендірді. Ал апаттан кейін жүргізілген тергеу нәтижесінде кәсіпорында еңбек қауіпсіздігінің өрескел бұзылғаны анықталды. Кеніштерде бос кеңістіктер жабылмаған. Қазір кәсіпорын аумағындағы барлық бос орындарға геосканерлеу жүргізіліп жатыр. Ғылыми-зерттеулер басталды. Үйлері кенішке жақын ауыл тұрғындарының шағымынан кейін Баянауыл әкімдігі жер қыртысын зерделеп, сканерлеуге қаражат бөлу мәселесін қарастыруда.
Данияр Аңдасов, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы:
- Енді осы үйлер бойынша бұл департаменттің құзіретіне кірмейді. Департамент қауіпті өндірістік нысандарда өзінің қызметін атқарады. Жер асты руднигінен 500 метр болуы керек. Біздің алдын ала мәліметтеріміз бойынша үйлердің бөлігі осы арақашықтыққа сай емес.
Мұндай жағдай өзге өңірлерде қайталанбасына кім кепіл?
Мәселен, Қарағанды облысында көмір бассейніне қарасты 26 шахта болған. Оның 18 жабылды. Бірақ бұрынғы орындары әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. Тереңдігі 40-50 метрге жететін қауіпті жерлер бар. Ондағы ұңғымалар мен желдеткіштер залалсыздандырылмаған. Жер қатпарларынан бөлінген улы газдар ауаға тарайды.
Мамандардың айтуынша, пайдалы қазбасы алынған жерді жабудың бірнеше әдісі бар. Бірақ ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз. «Үкімет инвесторлардан қазылған жерді қайта жабуды талап ету керек», - дейді сарапшылар.
Асқар Имашев, университеттің пайдалы қазбаларды игеру кафедрасының меңгерушісі:
- Ашық кеңістіктердің реестрін енгізу қажет болып тұрған сияқты. Өйткені мына біздің Қарағанды болсын, Жезқазған, Өскемендегі шахталар болсын бәрі ашық кеңістікпен жүргізіледі. Соның реестрі енгізіліп, әр жер қойнауын пайдаланушы өз ашық беттерін сонда толтырып отырса, бұл да бір жақсы ақпарат болады.
Жезқазған шахталары да кезінде кеншілер үшін салынған Сәтбаев қаласына тым жақын орналасқан. Бұл аумақта 1982 жылы алғаш рет жер опырылып, жұмысшыларды таситын автобус үйінді астында қалған еді. Ардагер кенші Әбулайс Молақов: «Ол кездері шахтада қауіпсіздікке аса мән берілетін еді», - дейді.
Әбулайс Молақов, ардагер кенші:
- Біздің уақытта қауіпті жерлерді инертті материалдармен бекітіп, бос жерлерді жабатын. Енді нарықтың заманы болды. 90 жылдары ол құрдымға кетті. Қазір ондай жоқ. Түбі жаңағы өзіміз тұрған ауылдардың бәрі ашық карьер болады, ашық әдіспен рудалар алынатын болады.
Кен өндіру көлемі ұлғайған сайын қалаға жақын Жезқазған кенті мен сол маңдағы ауылдардың асты терең ұңғымаға айналды. Кез келген уақытта опырылып кетуі мүмкін. Сондықтан 2012 жылы ондағы 3 мыңға жуық тұрғынды қауіпсіз жерге көшіру басталды. Ол үшін Сәтбаев қаласынан жаңадан ықшамаудан бой көтерді. Көппен бірге қоныс аударған жандардың бірі Маргарита Гринь.
Маргарита Гринь, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Шахтада жару жұмыстары жүргізілген кезде оның дауысы анық естіліп жататын. 2010 жылдары ол аумақта тұрудың қауіпті екені ашық айтыла бастады. Содан кейін ақырындап көшуге тура келді.
Бүгінде аталған елді мекенде бұзылған үйлердің орны ғана қалды. Айналасы қоршалып, «қауіпті аймақ» деген белгі қойылған. Жерасты қойнауын пайдаланушы компания болашақта бұл жерде ашық әдіспен кен өндіруді жоспарлап отыр.
Ал Майқайың кентіндегі кен орнына жақын үйлерді көшіру немесе көшірмеу жайы арнайы комиссияның шешімінен кейін белгілі болады.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков