Теріскейге көш тежелді: Cолтүстікке көшіру бағдарламасы күткендей нәтиже бермей тұр
Оңтүстіктегі елді солтүстікке көшіру бағдарламасы күткендей нәтиже бермей тұр. Теріскейдегі халық саны әлі де аз. Ал бұл елдің дамуы мен оның қауіпсіздігіне әсер ететін ірі фактор. Сенаттағы Үкімет сағатында Мәулен Әшімбаев осылай мәлімдеді. Сенат төрағасының сөзінше, оңтүстік, батыс өңірлер мен мегаполистерде халық саны айтарлықтай өскен. Ал Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай секілді шекаралық облыстар әлі де халық сирек қоныстанған өңір болып тұр. Сенат спикері: «Солтүстік өңірлерге елді көшіру үшін ең алдымен мұндағы инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік көліктік инфрақұрылымды «тиісті деңгейде» жақсарту қажет»,— деді. Әрі Сенатта қаралып жатқан көші-қон туралы жаңа заң жобасында теріскей өңірлерге жұмыс күшінің ағылуын қамтамасыз ететін ынталандыру шаралары қарастырыларына сенім білдірді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Еліміздің демографиялық дамуына байланысты мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажеттілігі туындап отыр. Жалпы елдің теңгерімді демографиялық дамуы бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Демографияның өсуіне басты кедергілердің тағы бірі — ажырасу. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұның негізгі себептерін атады. Министрдің сөзінше, дәм-тұзы жараспай арыз жазғандардың 61% ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдікке салынуына не нашақор болуына байланысты ажырасқан. 51% тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан айырылысып кеткен. 47% шаңырағының шайқалуына ерінің, зайыбының көзіне шөп салуы себеп болыпты. 38% жағдайда құмар ойындар отбасын ойран еткен. Ал «әрбір алтыншы жұп ортада бала болмағаннан екі бөлек кеткен»,— дейді министр.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-Отбасын қолдау, ажырасудың алдын-алу секілді мәселелер Ұлттық комиссияның ерекше бақылауында. 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда неке саны 5,9%, ал ажырасу 5,3% азайған.