Хабар телеарнасы

Өрт қауіпсіздігін тексерушілер өз әрекетін бейнетаспаға жазуға міндеттеледі

Алдағы уақытта нысанның өрт қауіпсіздігін тексеруші инспекторлар өз әрекетін бейнетаспаға жазуға міндетті болады. Ол үшін мамандарға тиісті құрылғылар беріледі. Ал видео онлайн түрде бақылауға алынады.  Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды. Мұндай ереже бизнеске көрсетілетін қысымды төмендету және жемқорлықтың алдын алу үшін қабылданыпты. Бір жағынан қауіпсіздік шаралары жақсарады. Бірінші оқылымда қабылдаған заңға сәйкес кәсіпкерлікті тексеру түрлерін тағы қысқарту көзделген. Мұның алдында ол 30% дейін азайған еді.

Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:
- Былтырдан бастап барлық мемлекеттік органдар өз қызметін талдау жасап кәсіпкерлікке қойылатын басы артық нормалар алынып тасталды. Сол арқылы бизнесті тексеру алдағы уақытта кем дегенде екі есеге дейін азаяды. Мәселен, бұрын жылына 120 мың тексеріс жасалған. Бұл сан енді шамамен 45 мыңға дейін төмендейді.
 

Сенатор Жанболат Жөргенбаев ауылды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның тиімсіздігін сынға алып, Үкіметке сауал жолдады. Айуынша, мемлекет қазір ауыл шаруашылығына ғана емес, елді мекендегі тұрғындардың мәдени өміріне, денсаулық сақтау жүйесі мен инфрақұрылымына да назар аударуға тиіс. Қолайлы жағдай болмаған соң ол жердегі халықтың қалаға көшуі жыл сайын артуда.

Қазір ауыл тұрғындарының саны жалпы халықтың 39% дейін төмендеген. Мұндай урбанизация келешекте кей өңірлерде жұмыс күшінің кемуіне, ал қалаларда жұмыссыздар санының артуына алып келеді. Сондықтан ауылды да, қаланы да дамытуға қам жасағанымыз жөн.  

Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстанда ресми түрде 90 қала бар. Бірақ оның 70
% ұсақ қала. 20 ғана халқы 100 мыңнан асады. Яғни барлығын мегаполис деп айта алмаймыз. Облыстарда жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізбейінше, Үкімет ретсіз урбанизацияның салдарымен күресе береді.