2030 жылы елімізде халықты газдандыру деңгейі 65% жетеді
Қазіргі көрсеткіш 60%. Шамамен 12 млн адам газға қол жеткізген. Мұны Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Сенатта өткен парламенттік комиссия отырысында мәлімдеді. Мақсатқа жету үшін биылдың өзінде салаға 90 млрд теңге бөлу жоспарланған. Осы арқылы қосымша 244 мың адам газбен қамтылған. Алдағы алты жылда 4 ірі жоба іске асырылады. Мәселен, «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры тартылады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған желілердің 2, 3-кезеңдерін салу көзделуде.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Бұл жобалар сырттан келетін инвестициялар қаражаты есебінен іске асырылады. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға сапары кезінде нақты келісімдер жасалды. Қатарлық инвесторлармен «Бейнеу-Бозой- Шымкент» және «Ақтөбе – Қостанай» бағытының 2-желісін бірлесіп іске асыру көзделуде.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Ақмола облыстарында елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейі 1,5-3% құрайды. Бұл мәселе халықпен кездесулерде жиі көтеріледі. Сондықтан Үкімет осы өңірлердің елді мекендерін газбен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.