Жаңа уақыт жақындады
Екі күннен кейін сағат тілін артқа жылжытуды ұмытпаңыз. 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа жылжиды. Осыған байланысты әуежайлар мен теміржол вокзалдары жолаушыларға сақ болуды ескертіп хабарлама жіберуде. Ал eGov.kz порталы уақытша істемейді. Өзгеріске бейімделу үшін техникалық жұмыстар жүргізіледі. Кейбір мектептер сабақ жоспарын қайта қарауы тиіс.
Көптен бері айтылып жүргенімен сағат ауысатынын бәрі бірдей түсінді деуге әзірше ерте сияқты. Қазір мектептерде мұғалімдер оқушыларға сағаттың артқа жылжуының себебін түсіндіруге көшкен. Астанадағы №59 мектеп-лицейі үшін бұл маңызды мәселе. Екі ауысымда жұмыс істейтін оқу орнында уақыттың жылжуы сабақ кестесіне қалай әсер етеді?
Сәуле Кабажаева, №59 мектеп-лицейі директорының орынбасары:
-Алдағы уақытта өзгеріс екінші ауысымда болуы мүмкін. Себебі бізде жергілікті уақыттың 1 сағатқа артқа жылжуына байланысты жаңа оқу жылында біздің сабағымыз онда сабақ кестесімен салыстыратын болсақ 20:20-да аяқталуы мүмкін. Сондықтан біз ол уақытта, біз сабақтың кестесін өзгерту мүмкіндігін жасаймыз, жылжытамыз.
Әуежайда да дайындық жүріп жатыр. Жолаушыларға барлық ақпарат көзінен хабарландыру жіберуде. Ескеруге тиіс мәліметтер ресми сайтында жарияланыпты. Рейстердің басым бөлігі 1 сағат артқа жылжиды. Дегенмен әуе компанияларына хабарласып тіркеу қашан аяқталады, ұшаққа отыру қай кезде басталатынын тағы бір нақтылап алған жөн.
Тойгүл Нұржанқызы, Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі:
-Әуежайға бұрын біз 1-2 сағат бұрын келуді ұсынатын болсақ осы алғашқы күндері 3 сағат бұрын, оданда ертерек келулерін сұраймыз. Себебі кейбір азаматтар бар хабарландыруды ала алмайтын немесе өздеріне келген СМС-ке назар аудармайтын жолаушылер кездесуі мүмкін. Біз мұны жоққа шығара алмаймыз.
1 наурыздан бастап жолаушы пойыздары бірыңғай уақыт белдеуіне сәйкес жаңа кестемен жүреді. Бұл өзгеріс билеттерде ескерілген.
Сара Сахынбек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:
-Билетте көрсетілген өзінің жөнелту және келу уақытын мұқият қарауға кеңес береміз. Анықтамалық ақпаратты 1433 тегін номері арқылы алуға болады. Пойыздардың жөнелту уақытындағы өзгерістер туралы СМС хабарламалар жөнелтіледі.
Мобильді байланыс операторлары да қолданушыларына СМС жіберуде. Жаңа уақытқа көшу кезінде қызметтер үзілуі мүмкін деп жазылған. Айта кетейік телефоныңыз интернетке қосулы болса, құрылғыдағы уақыт автоматты түрде өзгереді. Олай болмаса, уақытын қолмен өзгертесіз.
29 ақпан сағат 22:00-ден бастап eGov.kz порталы уақытша жұмыс істемейді. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты техникалық жұмыстар жүргізіледі екен.
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да хабарлама жасады. Жаңа сағат белдеуіне ауысқан сәтте намаз уақыттары өзгереді. Өзіңізге қажет ауыл мен қалалардағы құлшылық жасаудың кестесін мүфтият сайтынан таба аласыз делінген. Жұма намазының уақыты да сол жерде көрсетіліпті.
Әлемде 200 жуық мемлекет бар десек соның ішінде 22 ел екі және одан көп уақыт белдеуін қолданады. 175 елде бірыңғай уақыт белдеуі бекітілген. Қазақстанда 1 наурыздан бастап осы қатарға қосылуға шешім қабылданды. Бізге оңтайлы нұсқа ретінде UTC+5 үлгісі таңдалды. Екі күннен кейін Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен тізімде көрсетілген 12 облыс бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Ендеше сол кезде сағат тілін 1 сағатқа артқа жылжытуды ұмытпаңыз.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Бауыржан Ебелеков