«Ауыл аманаты»: 13 мыңға тарта адамға ₸80 млрд шағын несиесі берілген
«Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр 13 мыңға тарта адамға шамамен 80 млрд теңгенің шағын несиесі берілген. Оның жылдық мөлшерлемесі 2,5%. Бүгін «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар Үкіметтің аталған жоба туралы есебін тыңдады. Мәжіліс Спикері ауылға арналған арзан несиені беруде алалау бар екенін айтты. Ерлан Қошановтың сөзінше, 80 млрд теңгенің жартысынан астамы, 44 млрд теңгесі Жамбыл және Түркістан облыстарына берілген. Ал кей аймақтар тек 1 млрд теңге алды. Мәжіліс төрағасы несие берудегі осындай теңсіздікті цифрландыру көмегімен жоюды ұсынды. Әрі «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысы партия фракциясының ерекше бақылауында болатынын ескертті.