Мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды түзетуге енді көпшілік атсалыса алады
Мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды түзетуге, енді көпшілік те ат салыса алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. Құрылымына, әдістемелік тәсілдеріне, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты кім пікір білдіре алады? Жаңадан қандай оқулықтар қолданысқа енеді? Көптің араласуы қойшы көп болса, қой арам өледінің керісі болмай ма?
Сөйлемдері қате, сөздері ауыр. Астаналық Вероника күнде кешке басқа ата-аналар секілді бастауыш сыныптағы ұлымен бірге сабаққа отырады. Оқулықтағы қателерді өшіріп, үстінен дұрыс нұсқасын жазып амалсыз корректор болатын кезі көп. Ал амал есепке келгенде амалым құриды деп налиды. Өрнектің мәнін табу үшін алдымен оның мәтінінің мағынасын түсінуге еңбектенеміз дейді.
Вероника Кошлач, қала тұрғыны:
-Кітапта жазылған ақпаратты мұғалім өздігінше түсіндіргенімен, оқулықтағы сөздерді білу қажет. Себебі келесі сабақта одан да күрделісін өтеді. Ал математикада қайталау сабақтары аз. Мәселен, көбейту кестесін жаттағанда бүгін 2-ні өтсе, ертесіне 3-ті өтеді. Қайталап, жаттып үлгермейді. Кейде мәтіндік есептерді кішкентайлар тұрмақ, үлкендер де түсінбейді.
Оқулықтағы олқылық жаратылыстану пәндерінде де, гуманитарлық пәндерде де жетіп артылады. Сенатор Дархан Қыдырәлі негізгі Қазақстан тарихы пәнінің оқулығын қайта жазуды ұсынған. Айтуынша, Жошы Ұлысы туралы тарауларды толықтыру қажет. Алтын Орда туралы басқа елдердің ғалымдарымен бірлесе отырып, Шығыс пен Батысты байланыстыратын Ұлыстың экономикалық мүмкіндіктерін ашып жазу қажет дейді. Ал ата-аналар алдымен оқулықтарды баланың жас ерекшелігіне бейімдеп алайық деп отыр. Мынау – елорда тұрғыны Нұрсерік Жолбарыстың пікірі. 1-сыныптың оқулығында кездесетін «ат тұяғын тай басар» тіркесіндегі «тай» сөзін ұлына түсіндіре алмаған. «Көзі тостағандай» деген теңеуді түсіндірудің жеңіл жолын тапсақ дейді.
Мектеп оқулығын жазуға қатысқан профессор Баян Керімбекованың айтуынша, жіберілген қателіктерге авторларды кінәлауға болмайды. Себебі автордың өз ырқы өзінде емес. Жоғарыдан түзіп берген бағдарлама бойынша жазудан аса алмаймыз дейді.
Баян Керімбекова, оқулық авторы, профессор:
-Бағдарлама бастапқыда асығыс жасалды деп ойлаймын. Бізде енді Тіл білім институты бар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қаншама мықты әдебиетші ғалымдар бар. Сол кісілермен әдіскерлер және де мектепте сабақ беретін мұғалімдер бірге отырып жасау керек еді деп ойлаймын. Ол бір ғана ұйымға берілген басымдық сияқты. Балаларға ертең мына тапсырма жүрмейді деген көзқарасымызды айтқанбыз. Ол уәжімізді тыңдайтын құлақ болмады.
Авторлар меңзеген бағдарламаны құзырлы министрлік дайындайды. Оқу-ағарту министрлігі биыл 3-11 сыныптардың кей оқулығын жаңартқан. Министрлік жаңартылған оқулықтарды халықтың талқысына салдық дейді. Мәселен, 3-сыныпқа арналған еңбекке баулу, бейнелеу өнері, ағылшын, француз тілдері және орыстілді мектептер үшін «орыс тілі» оқулығы қайта басылады. «Цифрлық сауаттылық» пәнінің электронды нұсқасын пайдалануға болады. Ал 3 және 9-11 сыныптар үшін неміс тілі, 5-9 сыныптардың жаһандық құзыреттілік оқулығы қолданысқа енеді.
Мереке Нұрмұханова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы:
-ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы сайтында оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері сындарлы пікірлерін білдіре алады. Қоғамдық талқылауға ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері, әдіскерлер, ғалымдар, сондай-ақ оқулықтардың сапасына бей-жай қарамайтын қазақстандықтар қатысуға мүмкіндік алды.
Министрлік енді оқулық жазу мен басуда автордан бастап, елдің де ескертуін елейміз деп отыр. Сол үшін жария түрде талқыға салғанын айтады. 8 оқулықты көпшіліктің сараптап, зерделеуіне жиырма бір күн жеткілікті деп санапты. Наурыздың 4-де талқылау аяқталады.
Қазірге дейін аталған оқулықтар бойынша 109 пікір жазылған. Енді министрлік оқулықта кеткен грамматикалық қателерді баспаханалар өз есебінен түзейді деп отыр. Ал мағыналық қателер, оқушының деңгейіне сай келмейтін дүниелер бойынша кім жауапты болады деген сұрақтың басы әлі ашық тұр. Бәлкім велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ шығар? Бір жағынан оқулық авторларына қойылатын талапты күшейтіп, екінші жағынан оларға құзіретті де беру керек болар? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме қазақ? Әйтпесе «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» қайталанбасына кім кепіл?
Авторлары: Диана Қадыр, Айбын Құсанбеков