Неке неге азайды?
Елімізде 2 миллионға жуық қыз-жігіт отбасын құруға асықпайды. Былтыр елімізде 120 мың жұп некесін қидырған. Демек осыншама жаңа отбасы пайда болды деген сөз. Бірақ бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 мыңға аз дейді мамандар. Бұл демографияға қалай әсер етеді?
Сүрбойдақтарды алыстан іздеп әуре болмадық. Телевизия саласында да үйленуге асықпай жүргендер жетерлік. 35 жастағы телеоператор Айбын Құсанбек уақытының басым бөлігін жұмыста өткізеді. Бірақ мәселе онда емес дейді.
Айбын Құсанбек, қала тұрғыны:
-30-дан астық. Қыздың мінезі ұнаса, қылықтары ұнамай қалады. Қазіргі жастарға айтарым, сол жастық шақта 20-25 те отбасы құруға кеңес беремін. Бұйырса, осы жылы қалмай отбасы болуға жоспар құрып отырмын.
Статистка дерегі бойынша Түркістан облысы сүрбойдақтар көшін бастап тұр. Отбасын құруға ынтасыздардың көбі Алматы қаласында және Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында. Ал тұрмысқа шығуға асықпайтын бойжеткендер әсіресе Алматы облысында көп. Мамандардың айтуынша, неке жасы ұлғайған сайын оның қауіптері де басым болмақ. Елде туу көрсеткіші төмендеп, қарт кісілер көбейеді. Ол тікелей демографияға кері әсерін тигізеді.
Аяулым Сағымбаева, әлеуметтанушы - демограф:
-Қазақстанда некеге еш уақытта тұрмаған ер адамның саны 1,9 миллионнан асты, әйел адамдардың саны 1,8 миллион. Бірінші некеге тұру жасының ұлғаюы ер адамдарда да, әйел адамдарда да бар. Бұл тенденция жылма жыл өсетін болады. Өйткені біз демографиялық өткелімнен өткелі отырмыз.
Жастардың пікірінше көп мәселе әлеуметтік жағдайға байланысты. Отбасы құру, балалы болуды жоспарлауға келгенде қоғамда кереғар пікірлер көп. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды деген аталы сөзден қасиет кетіп барады. Кей сарапшылар батыстық тенденцияның ықпалы да байқалып отырғанын айтады. Сондықтан қазір елімізде отбасылық саясатқа өзгерістер енгізіліп отыр.
Таңшолпан Ерманова , жастар және отбасы істері комитеті басқармасының басшысы:
-Мәдениет және ақпарат министрлігі Біріккен Ұлттар ұйымының халықты қоныстандыру қорымен бірлесіп, осы 2023 жылы некеге тіркеуге бойынша өтініш білдірген азаматтарға отбасыны жоспарлау, репродуктивті денсаулық, құқықтық сауаттылық, қаржылық сауаттылық және басқада маңызды мәселелер бойынша оқыту курсын бастаған болатын. 2023 жылы тренерлерге арналып әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Бұл тренинг 6 басты блоктан тұрады. Тақырыптық блоктар жалпы 6 сағат көлемінде жүргізіледі.
Биыл наурыздан бастап Шымкент және Астана қалаларында пилоттық жоба іске қосылады. Оң нәтиже болса, келесі жылы барлық өңірдегі некеге тұрушыларға қолжетімді. Сарапшылардың айтуынша, алғашқы некеге қарағанда, елде қайталама яғни екінші, үшінші некеден туған балалардың саны артқан. Демографиялық өсімге оң әсер еткенімен, әлеуметтік жағынан шиеленіс тудыратыны факт. Яғни осы жоба арқылы біраз мәселенің басын ашып, алдын алуға болады дейді. Сондықтан қоғамда шағын мемлекеттерді сақтау арқылы үлкен мемлекеттің іргесін бекіту маңызды болып қала бермек.
Авторлары: Диана Қадыр, Қайрат Ақтуреев