Елде су басу қаупі қаншалықты жоғары?
Көктем келді дегенше, көл келді дей беріңіз. Жетісу облысының да бірқатар елді мекенін су басып жатыр. Алакөл, Кербұлақ ауданындарында жиыны 30 ауланы су алған. Бұл табиғи сипат десек, Қостанай облысында техногендік қауіп бар. Ресейден 80-100 млн текше метр су әне-міне келеді деп тақым қысып отыр екен ондағы жұрт. Жалпы елдегі ахуал қандай, қам-қарекет қаншалықты жасалып жатыр деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Бұрын осы студияда еліміздің солтүстік, орталық, шығыс және батыстағы бірқатар аймағында су басу қаупі жоғары екенін айтқан едік. Масштаб үлкен болуы мүмкін, себебі бәрімізге белгілі биыл жауыннан соң аяз түсіп, еліміздің көп бөлігінде топырақ қабаты 1 метрге дейін қатып қалды.
Төтенше жағдайлар министрі ай бұрын 12 өңірде су басу қаупі барын мәлімдеген болатын. Десе де қызыл судың астында қаламыз деп қара аспанды төндіруге әлі ертерек. Себебі күннің күрт жылынуы бүгін-ертең күтілмейді. Ал Жетісу мен Қостанай өңірлеріне жеке тоқталып кетейік.
Жетісу өлкесінің Бескөл станциясында 19 ауланы су басты. Егістік алқаптарынан келген қардың суы каналға сыймай елді мекен ішіне жайылған. Кеше түннен бері Алакөл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері арық-атыздарды тазалап жатыр екен. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше Кербұлақ ауданындағы Қайнарлы және Алакөл ауданындағы Көктұма, Ақтүбек, Қабанбай ауылдарында да бірнеше ауланы су басқан.
Ринат Тазабеков, Жетісу облыстық ТЖД басқарма бастығы:
-Облыс бойынша 31 елді мекен бар анықталған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 22-сінде қауіп төмендетілген. Қалған 9 елді мекенде тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол жерде жағдай тұрақты. Екі ауыл Ескелді ауданының Абай және Ешкіөлмес ауылдарында тиісті жұмыстар басталып жүргізіліп жатыр. Жалпы жағдай тұрақты.
Қостанай өңіріндегі ахуал алаңдатарлық. Мамандар Ресей жақтан 80-100 млн текше метр су келуі мүмкін деуде.
Бірақ бұның әзірге болжам екенін айта кету керек. Десе де қар күрт ерісе, су көлемі одан екі есе көп болуы ықтимал. Қазір біздің сала мамандары мен Ресей жағы үнемі байланыста. Өзен деңгейін күн сайын өлшеп, ауа райының қас-қабағын аңдып отырған жай бар. Еске сала кетсем Жітіқара ауданындағы Желқуар су қоймасының сыйымдылығы 29 миллион текше метр. Қазір ол толуға шақ. Сәуір айының ортасына таман біртіндеп суды өзен арнасымен жіберіп, қоймадағы орынды босата бастайды. Алайда жаңағы 100 млн текше метр су кенеттен келіп қалса Жітіқара ауданындағы екі елді мекенді басады. Қауіптің алдын алу мақсатында қойма маңынан су қабылдағышы бар жеке арық қазылған екен.
Батырбек Қабиев, «Желқуар» су қоймасының өндірістік учаске бастығы:
-Осыдан 800 метр алдында авариный водосбросной канал дейді арық қой енді. Су қатты кетсе, біз үлгірмейміз су өткізуге, анау істейді де, сол екі жағымен бір шақырымнан кейін қосылады екі жерден, сол бір-бірін басып, сосын сабыр болып өтеді. Су деңгейі 246 метрден өтсе, сол автоматический кетеді.
Ерлан Жұмабаев ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын мемлекеттік есепке алу және кадастр басқармасының басшысы:
-Ондай су деңгейі келетін болса бізге Ресей жағы ескертеді. Бекітілген қол қойылған келісімдер бар. Күрт жоғары су қоры келетін кезде алдын ала ескерту жасалады. Сол үшін біз су қоймада бос деңгей сақтап отырамыз әрқашанда. Көктемгі су тасқынына дайындық аясында. 64% құрайды орта есеппен, солтүстік өңірлерде су қойманың толуы.
Су ресурстары министрлігі ҚазСушаруашылығымен бірлесіп дайындық шараларын жасап қойдық дейді. Жергілікті инспекциялармен бірлесе комиссия және жедел штаб құрылып, су қоймалар мен гидронысандарды тәуліктік мониторинг жұмыстары қолға алыныпты. Егер жағдай күр өзгерсе, жоспарға сай шұғыл мән беру және әрекет ету шаралары басталады. Бұл Су министрлігінің өз тарапынан атқаратын шаруасы.
Ал елді мекендердегі су басу мен оның алдын алу шаралары Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың құзыры. Өткен айдың басында Төтеншеліктер көктемгі су тасқындарының алдын алу мақсатында жоспарлы жұмыстардан бөлек Көктем 2024 оқу жаттығу жиындарын өткізгені мәлім. Соның аясында даярлықтарын пысықтады.
Көктем 2024 оқу-жаттығулары аясында су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, ұзындығы 48,2 шақырым қорғаныш бөгендері нығайтылды. 7688 су өткізу құрылыстары тазартылды. Ұзындығы 3063 шақырым каналдар мен арықтар тазартылды. 300 мың тонна инертті материалдар дайындалды. Елді мекендерден 8 млн 400 мың текше метр қар шығарылды.
ҚазГидромет қызметі еліміздің басым аймақтарында 20 градусқа дейін аяз түсетінін хабарлады. Демек алдағы бірнеше күнде қардың күрт еруі болмайды.