400 мыңнан астам адам таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр
Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде тұрады. Бұл туралы Түркістанда өткен Парламенттік комиссияның бесінші отырысында айтылды. Жиында су бұру желілерінің тозуы және су ресурстарын үнемдеу мәселелері талқыланды. Трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің жоқтығы да айтылды.
Су ресурстары және ирригация министрінің айтуынша, Қазақстандағы 8 су шаруашылық бассейнінің жетеуі трансшекаралық аймақта орналасқан. Сондықтан еліміз су ресурстарын пайдалануда көрші мемлекеттерге тәуелді. Бірақ соған қарамастан, су үнемдеудің 3 жылға арналған жол картасы әзірленген.
Ал Сенат төрағасы Мемлекет басшысы 2026 жылға дейін ауылдарды таза ауызсумен толық қамтуды тапсырғанын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміздің осы тапсырмасын орындауға баса мән беру қажет. Көптеген су шаруашылығы нысандарында 30 жылдан 50 жылға дейін күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Олардың шамамен 50% жаңартуды қажет етеді. Тағы бір өзекті мәселе – су сапасының нашарлауы. Бүгінде қайта пайдаланылған судың үлесі тұщы судың жалпы көлемінің шамамен 2,5% ғана құрайды.