Жылыой ауданында су деңгейі түсті
Жылыой ауданындағы су деңгейі 3 күнде 20 сантиметрге дейін түсті. Дегенмен қауіп сейілген жоқ. Арқаны кеңге салуға ерте. Жағаны бекіту жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Тәртіп сақшылары да қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауда. Ал құтқарушылар тұрғындарды қайықпен тасымалдап, қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Біз қазір 4-ауыл ықшам ауданындамыз. Бұл жақта құтқарушылар тұрғындарды үйлеріне апарып, қалған құжаттары мен өзіне қажетті заттарын алуға жәрдемдесіп жатыр. Бұл жақтағы судың деңгейін қарасаңыздар болады, міне, кеше анау терезеге дейін келген. Қазір су деңгейінің төмендеп келе жатқаны байқалады.
Қала тұрғыны Мұрат Таңбаев 5 сәуір күні су келген уақытта үйін тастап қашуға мәжбүр болды. Отбасын қауіпсіз аймаққа шығарып жүріп, итін құтқарып үлгермеген. Құтқарушылардың көмегімен итін қауіпсіз жерге шығармақ.
Мұхтар Таңбаев, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Бірнеше күн бұрын үйіміз суға кетті. Асығыстау болғандықтан итімізді босатуға, жанұямызды алып шығамыз деп тұрғанда босатуға мүмкіншілік болмай қалды. Сол итті құтқаруға мына чс-тің жігіттерімен қайықпен келе жатырмыз.
Құтқарушылардың арқасында төрт түлік те көшіріліп жатыр. Өз өмірін қауіпке тігіп жүріп, тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалайтын құтқарушылардың еңбегі ерен. Жылыойдағы табиғи апаттан қиын жағдайда қалған тұрғындарға қол ұшын созу үшін Қонаев қаласынан 18 құтқарушы келді.
Айдын Байдүйсен, Қонаев қалалық жедел құтқару жасағының құтқарушысы:
- Осы Атырау облысы Құлсары қаласындағы су апаты салдарын жоюға келдік. Көмектесуге келдік. Құтқарушылармыз. Біздің мақсатымыз – қазір іздестіру жұмыстары, эвакуация және осы тұрғындардың үйін су алып кеткен, соларды тасымалдау. Қауіпсіздігіне жауап беру.
Аудандық штабтың мәліметінше, су деңгейі 9 сантиметрге дейін түскен. Бірақ қауіп бар. Құтқарушылар 6 сәуір күні жоғалып кеткен әкесі мен баласын әлі іздестіріп жатыр. Олар суға кеткен үйін көруге барып, содан оралмаған. Жоғалған күні көлігі сол маңдағы дүкеннің қасынан табылыпты.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов