Абай облысында емхана қашан салынады?
Бородулиха ауданының халқы тозығы жеткен ғимаратта ем қабылдауға мәжбүр. Ауылдағы медициналық бекеттерге салынғалы бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жергілікті билік өкілдері оларды жаңартуға қаражат сұратқандарын айтып отыр. Бұған шамамен 400 млн теңге керек. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша Абай облысында қанша медициналық нысан бой көтермек.
Вера Сидорованың Новопокровка ауылында тұрғанына 50 жылға жуықтаған. Бұрын «ауыл тұрғындары осында жатып ем қабылдайтын, тіпті әйелдер емханада босанатын» деп еске алады. Сол уақыттан бері амбулатория жөнделмеген. Іші қыста суық, электр қуатымен жылытылады. Ал дәретхана далада.
Вера Сидорова, Новопокровка ауылының тұрғыны:
-Өте жақсы аурухана болатын. Бұл бір кездері науқастар осында жатып, ем қабылдайтын. Қазір тозып тұр. Ескі дәретхананың ішіне кіру мүмкін емес, қорқынышты. Оны да жаңарту керек.
Зенковка ауылында да 2000-нан астам адамға қызмет көрсететін жергілікті амбулатория көңіл көншітпейді. Жалпы Бородулиха ауданында 40 мыңға жуық адам тұрады. Өңірде 9 дәрігерлік амбулатория мен 19 медициналық бекет бар.
Марат Қосанбеков, Бородулиха аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Жобалау-сметалық құжаттарды дайындап қойдық. Мемлекеттік экспертиза да дайын. Тек қана қаржы бөлінуін тосып отырмыз. Қаржы бөлініп бәрі жақсы болса, күрделі жөндеу жұмыстары биыл жүргізіледі.
Ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін танымал блогер, кәсіпкер әрі заңгер Руслан Кибке көтерді. Оның сөзінше, Премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласына басымдық беруді тапсырған. Алайда баяғы жартас,сол жартас.
Руслан Кибке, заңгер:
-Емханалар тозып тұр. Кеңес дәуірінен бері ештеңе жөнделмеген. Мәселені шешу үшін әрбір елді мекенде, ауылдық округте жаңа амбулатория салынуы керек.
Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 65 жаңа дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік және медициналық бекет салу жоспарланған. Бұған республикалық бюджеттен 10 миллиардтан астам қаржы бөлінеді.
Талғат Молдабеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Ескірген ғимараттардың орнына 65 жаңа нысан салынады. Оның 10-ы дәрігерлік амбулатория, 15-і фельдшерлік-акушерлік бекет және 40 медициналық пункт. Қазір 51 нысан бойынша мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қараша айында аяқталуы шарт.
Сонымен қатар Абай облысында жедел медициналық жәрдем көліктерін жаңарту жоспарланған. Қазір медициналық мекемелердің автопаркі 70% тозып тұр. Жыл соңына дейін 93 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы