Абай облысындағы апаттан құзырлы органдар сабақ алды ма?
Елімізде былтыр 800-ден астам орман өрті тіркелген. Олардың ең ірісі - Абай облысындағы апат. 15 адамның өмірін жалмап, 60 мың гектар ағашты күл қылған бұл оқиғадан құзырлы органдар сабақ алды ма? Ондай өрттің қайталанбасына кім кепіл?
Қазір жауапты ведомстволар табиғат апатының алдын алу үшін арнайы оқу-жаттығу өткізіп, әзірліктерін пысықтап жатыр.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Өрт қателікті кешірмейді. Әсіресе орман өрті қиын. Бұл жерде әр адамның әрбір әрекеті маңызды. Сол азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің дайындығы сыналады.
Оқу-жаттығудың сценариі бойынша Сандықтау ауданының Лесное ауылында орман өртенді. Ал жасыл желек жанса, алдымен орманшылар қарекет қылады. Қолда бар техникасымен олар қызыл жалынды өздері ауыздықтауға тырысты. Алайда тілсіз жау дес берер емес. Сондықтан табиғат қорғаушылары өртсөндірушілерді көмекке шақырды.
Думан Дәлешов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
- Алгоритм кестесіне сәйкес, 1 гектарға 2 техника, 12 адам жұмылдырамыз. 3 гектарға біз 3 техника, 24 адам жұмылдырамыз. 3 гектардан бастап 1 тікұшақ жұмылдырамыз. 10 гектардан асса, онда 2 тікұшақ жұмылдырылатын болады өрт сөндіруге. Аумақ үлкейген сайын бізде күштер мен бірліктер өсе береді.
Бірақ бұл ереженің өзі былтырғы Семей өртінен кейін әзірленіпті. Себебі оған дейін бірігіп әрекет етудің нақты алгоритмі болмаған. Ал оқиға желісіне сай өрт одан әрі өршіп барады. Сондықтан онымен күресуге тікұшақтар тартылды.
Бірақ тікұшақ оқиға орнына су әкелу үшін маңайда тереңдігі кемінде 4 метрлік су айдыны болу қажет. Су табылса, әуе көлігі әр рейсте 5 тонна су жеткізе алады. Желмен күшейген қызыл жалын іргеде тұрған ауылға да кірген. Шеткі бірнеше үйді шарпыпты. Құтқарушылар халықты дереу қауіпсіз жерге көшірді.
Ал тауда өрттің құрсауында қалып қойған екі адам аман-есен құтқарылып, оларға дәрігерлік көмек көрсетілді.
Әділет Серік, көкшетау қалалық №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
- Осы сызбада ең қиын күрделі жағдайды шартты түрде көрсеттік. Себебі дәл осындай қиын тапсырмалар мен міндеттерді орындағанның арқасында болашақта болатын барлық төтенше жағдайлар, дәл осындай орман немесе дала өрттерінде біз өзіміздің біліктіліктерімізді көрсетіп, шеберліктерімізді арттыра аламыз.
Жаңадан бекітілген ережеге сай, енді орман өртіне тек орманшы ғана жетекшілік етеді. Яғни орманшылар мен өртсөндірушілер бұрынғыдай жергілікті әкімге немесе департамент басшыларына жалтақтамайды.
Бірақ табиғат қорғаушыларын алаңдататын мәселе көп. Солардың бірі – техника мен құрал-жабдықтардың ескіруі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі:
- Өртпен күресуге арналған техниканың 70%-і ескірген. Оларды біртіндеп жаңартып жатырмыз. Бірақ әзірге ол мардымсыз. Көліктерді лизингке алу жағын да қарастырудамыз. Барлығы бюджеттің мүмкіндігіне қарай жасалады.
Осылайша 300 адам мен 50 шақты техника қатысқан облыстық «Өрт-2024» оқу-жаттығуы айналасы 1 сағатқа жетпей аяқталды. Құтқарушылардың сөзінше, басшылары оған оң баға беріпті. Алайда азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің нағыз дайындығы мен біліктілігі төтенше жағдайда сыналады.
Дамир Берікұлы, Қоблан Өтегенов