Хабар телеарнасы

Сенат «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады

Жаңа құжат журналистердің құқығын қорғауға, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін арттыруға, қазақстандық контентті дамытуға арналған. Заңда нақты қандай өзгерістер бар?

Ең алдымен журналистердің құқықтық тұрғыдан қорғалуына тоқталсақ. Мәселен, бұрын тілшінің жазған дүниесінен кінәрат тапқандар журналистің үстінен 10 жылға дейін уақытта шағым түсіре алатын. Енді бұл мерзім 1 жылға қысқарды. Мақала, сюжет жарияланғаннан кейін тура 12 ай өтсе болды, оған ешкім арыздана алмайды.

Ал БАҚ өкілі жұмыс бабымен жүріп, жарақат алса немесе басқа да қиын жағдайға тап болса, оның бар шығынын редакция мойнына алады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар журналистердің сұрауына мейлінше тез жауап беруге міндеттеліп отыр.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Егер де төтенше жағдай болған кезінде біз енгіздік, 3 сағат ішінде жауап беру керек. Егер де мемлекеттік органның мәлімдемесін анықтау үшін немесе мемлекеттік орган басшысының айтқан сөзін анықтау үшін – 2 күн. Ал сауал нақты зерттеуді талап ететін болса, онда 7 күнді 5 күнге дейін қысқарттық.

Ал бұл талапты елемеген мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Яғни оларға қатаң сөгіс жарияланады.

Келесі мәселе – отандық БАҚ саласын дамыту. Бұрын мысалы, мемлекеттен қаржылай қолдауды тек мемлекеттік БАҚ алып келсе, енді жергілікті жердегі мемлекеттік емес газеттер мен телеарналар Үкіметтен грантқа ие болады. 

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұрын министрлік айтатын, әр телевиденияның минутын есептеп, секундын есептеп немесе газеттің сантиметрін есептеп, солай шығаратын. Енді санына емес сапасына қарау мәселесін көздеп отыр. Ол үшін министрлік құқықтық-нормативтік актілеріне арнайы өзгерістер енгізетін болады.

Жаңа заңға сай, алдағы жылдары қазақстандық медиакеңістіктегі мемлекеттік тілдің үлесі 60%-ке жеткізіледі. Қазір бұл көрсеткіш 50% деңгейінде. Ал шетелдік телерадио хабарларды ретрансляциялау көлемі 20-дан 10%-ке дейін азаяды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев: «Қазақтілді БАҚ-ты барынша қолдайтын кез келді», - дейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақ тілінде контент жасап жүрген осындай мамандарды, орталықтарды қолдауымыз керек. Бізде өте жақсы жас мамандар өсіп келе жатыр. Кеше біз оларды да барып көрдік. Риза болдық. Ойлары қандай керемет. Ұсыныстары қандай тамаша. Сондықтан біз жалпы мемлекеттің тарапынан осындай компанияларға жүйелі түрде бір күндік емес, жүйелі түрде көмек беруіміз керек.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Осылайша екі жылға жуық қызу талқыланған «Масс-медиа туралы» заң Парламенттің қарауынан өтіп, Президентке жолданды. Мемлекет басшысы қол қойған соң жаңа құжат заңды күшіне енеді. Ал бұған дейін қолданыста болған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдарының күші жойылады».

Дамир Берікұлы, Әлібек Әлиев