Хабар телеарнасы

Тозығы жеткен емханалардан қашан құтыламыз?

Қазақстанда медицина мекемелерінің жартысынан астамы ескірген. Мұны Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты. Олқылықтың орнын толтыру үшін құзырлы министрлік Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын әзірлеген. Жаңа құжат Үкіметте қабылданды. Құжат салаға нендей өзгеріс әкелуді көздейді? Тозығы жеткен емхана/аурухана орын тапшылығы секілді ескі дерттен қашан құтыламыз?

Денсаулық сақтау саласы – сағаттап жырласаң да бітпейтін тақырып. Бүгін ескірген ауруханалар мен тозған төсек-орындар туралы айтамыз.

Көнерген ғимараттардың көбі еліміздің шығысында екен. Ондағы емханалардың алды жарты ғасыр бұрын салыныпты.

Мәселен, Абай облысының Бородулиха ауданындағы Новопокровка елді мекенінде дәрігерлер науқастарды ескі ғимаратта қабылдап отыр. Ауылдың үлкендері нысан 50 жылға жуық жөндеу көрмегенін айтады. Қыста суық емхананың дәретханасы да сыртта орналасқан. 

Вера Сидорова, Новопокровка ауылының тұрғыны:
-Өте жақсы аурухана болатын. Бір кездері науқастар осында жатып, ем қабылдайтын. Қазір тозып тұр. Ескі дәретхананың ішіне кіру мүмкін емес, қорқынышты. Оны да жаңарту керек.

Көрші Зенковка ауылында да осындай жағдай. 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін амбулаторияның тозығы жеткен. Ал жергілікті билік өкілдері: «Бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген емханаларды жаңартуға шамамен 400 млн теңге керек»,— дейді. 

Марат Қосанбеков, Бородулиха аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Жобалық-сметалық құжаттарды дайындап қойдық. Мемлекеттік экспертиза да дайын. Тек қана қаржы бөлінуін күтіп отырмыз. Қаржы бөлініп, бәрі жақсы болса, күрделі жөндеу жұмыстары биыл жүргізіледі.

Ал республика бойынша 7 мың 337 емдеу мекемесінің 57%, яғни, 4 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді. Бәрінің жағдайын саралаған министр Әлназарованың мәліметінше, соңғы 5 жылда 400-ден астам медициналық нысан жаңадан салынып, 2,5 мың аурухана мен емхана жөнделгенімен, атқарылар шаруа әлі шаш-етектен. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Сонымен қатар халық санының өсуіне байланысты амбулаториялық-емханалық ұйымдардың қуаттылығының жетіспеушілігі орын алуда. Республика бойынша медициналық техникамен жарақтандыру деңгейі 80% құрағанымен, олардың тозу көрсеткіші жоғарғы деңгейде қалып отыр. Мұның барлығы осы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жоспарлау кезінде кемшіліктердің болуын дәлелдейді және кезекті шараларды жүргізуді қажет етеді.

Ауылдық амбулаторияларды былай қойғанда, облыстық және аудандық ауруханалардың өзінде орын жетіспейді. Ондай жағдай еліміздің 6 аймағында бар. Төсек-орын тапшылығы, әсіресе перзентханалар мен балалар ауруханаларында байқалады. Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, жыл басындағы есеп бойынша оларда бас-аяғы 3200 орын тапшы. Салдарынан емдеу мекемелері бір палатаға 5-6 адамнан жатқызуға мәжбүр. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Осыған байланысты министрлік тарапынан 10 мың адамға шаққандағы есеппенен халықтың сұранысына сәйкес өңірлер бойынша төсек бейіндері бөлінісінде «стационарлық көмек көрсету бойынша қажеттілік нормативін» бекітті. Сонымен қатар әр ауруханалардың 1 төсек орынға шаққандағы алаңдарының көлемдері әркелкі және тиісті талап көрсеткіштерінен артық. Осыған орай тиісті нормативтер әзірлеу басталды.

Ауруханаларда төсек-орын түгілі науқастарды емдейтін дәрігерлер де жетіспейді. Қазір салаға мыңдаған маман қажет.

Терапевтен бастап, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог секілді мамандардың тапшылығы сезіледі. Мұны әр аймақ өз әлінше шешіп жатыр. Мәселен, Түркістан облысына 245 дәрігер қажет. Жергілікті билік өкілдері, жастарды бюджет есебінен арнайы оқытып, өңірге жұмысқа тартуды көздеп отыр. 

Асхан Байдуалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Резидентураға 60 грант берілді. Орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 650 грант бөлінді. Биыл резидентураға грант саны 139-ға дейін көбейтілді. Орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлу жоспарланып отыр.

«Алдағы 6 жыл ішінде тұжырымдама аясында саладағы осындай мәселелерді барынша шешуге талпынамыз»,— дейді министр. Ең алдымен жаңа нысандардың құрылысы басталады. Атап айтсақ, 34 емдеу мекемесі салынбақ. Олардың алтауы университет клиникасы, 14-і аурухана, 11-і перинаталды, ал үшеуі ұлттық орталық болады. Одан бөлек 2,5 мың емхана мен ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіледі.

Ал медицина нысандарының заманауи қондырғылармен жабдықталуын 90% дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қазір бұл көрсеткіш 66% ғана.