«KAZ Minerals Aktogay» мыс кенішінде қауіпті әрі ерекше мамандықты меңгерген әйел адам көп
Өндіріс орнында барлығы 3,5 мың адам жұмыс істесе, соның төрттен бірі бұрымдылар. Олар жеңіл және ауыр жүк көліктерін жүргізеді.
Наталья Хлебникова «KAZ Minerals Aktogay» мыс кенішінде оператор болып жұмыс істейді. Бес жыл ішінде бірнеше техниканы жүргізуді үйренген. Алғашында 25 тонналық жүк көлігін тізгіндеген әйел қазір ұңғыманы бұрғылайтын үлкен техниканы басқарады.
Наталья Хлебникова, оператор:
-Бұл техниканы алғаш көргеннен-ақ жүк көлігін жүргізгім келетінін түсіндім. 500 сағаттық арнайы курстан өтіп, бұрғылау техникасын тізгіндедім. Мыс өндіру ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ең бастысы, маған өз жұмысым қатты ұнайды. Сүйген ісіңмен айналыссаң тек жағымды эмоция аласың.
Гүлнұр Әубәкірованың өндірісте еңбек еткеніне 4 жыл. Негізгі мамандығы қаржыгер. Көлікке қызығушылығы студенттік шағында басталған. Бұл іске оны ағасы баулыпты.
Гүлнұр Әубәкірова, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Алғашында ағам осында жұмыс істеп жүрген кезде карьердегі жүк көліктерінің фотосуреттерін әкеліп, көрсететін. Ол кезде мен төртінші курс студенті едім. Қызығушылығым артты сол кезден. Жұмысымды басқа бағытқа бұрып, өзгеріс енгізгім келді. Сосын осында жұмыс істеуге бел байладым.
Наталья Андрейка Қазақстандағы ең үлкен жүк көлігін жүргізеді. Осы салаға бала күнінен қызыққан. «Техниканы басқарған кезде аса мұқият болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек»,— дейді ол.
Наталья Андрейка, ауыр жүк көлігінің операторы:
-Бұл көліктің сыйымдылығы 230-235 тоннаға дейін жетеді. Сырттан қарап, үлкен техниканы тізгіндеу қиын деп ойлайтынмын. Дегенмен оны басқару мен үшін оңай болды. Енді мамандығымды ауыстыруды жоспарлап жүрмін. Арнайы курстан өтіп, өзімді басқа қырымнан сынап көрсем деймін.
Наталья Кий, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Бұл үлкен өндіріс орны. Техника да өте көп. Мен бұған дейін еш жерден мұндай көліктерді көрмегенмін. Маған жүк көлігін басқарған ұнайды. Алғашында бұл менің арманым болатын, қазір сүйікті жұмысым.
«KAZ Minerals Aktogay» кәсіпорнындағы нәзік жандылар кәсібін ауыстырғысы келсе, олар үшін арнайы курстар мен тренингтер ұйымдастырылады.
Дархан Ербосынов, қызметкерлерді оқыту, дамыту бөлімінің бастығы:
-Бізде техниканың бірнеше түрі бойынша оқыту курстары қарастырылған. Тәжірибеден өтуге арналған аймақтар да бар. Ең алдымен бәріне қауіпсіздік техникасы бойынша дәріс оқылады. Одан кейін тәжірибелі мамандар бекітіліп, жұмыстың қыр-сырын үйретеді.
«Kaz Minerals Aktogay» мыс кенішінде 3,5 мыңға жуық адам жұмыс істеде, 800-ден астамы әйел заты. Олар химия-металлургия зертханаларында және ұңғымаларды бұрғылау алаңдарында жұмыс істейді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы