Хабар телеарнасы

Астаналық ғалымдар «Таза бейсенбі» акциясына қатысты

«Таза Қазақстан» және «Таза бейсенбі» экоакциялары жалғасын тапты. Елордалық ғалымдар тырма мен күрегін алып, қоқыс жинады. Сондай-ақ қала сыртын қоқыстан арылтуға 400-ден аса тұрғын белсенділік танытты. Студенттер де қалыс қалған жоқ.

Айта кету керек, акцияның алғашқы аптасында бастамаға қолдау білдірушілер қатары 500-дей болатын. Қазір табиғат жанашырлары көбейіп келеді.

Әр учаскеге мәслихат депутаттары мен «AMANAT» партиясының өкілдері бекітілген. Бүгінгі сенбілікте Астана қаласының айналма жолы маңынан 100 қаптан астам қоқыс шығарылды. Мониторинг нәтижесінде 15 заңсыз қоқыс орны да анықталған.

Мұхаммед Болысбек,  «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы:

- Нақты біздің мақсатымыз экологиялық мәдениетті қалыптастыру, көтеру, насихаттау. Оны тек қана сөзбен емес, іспен көрсету. Міне, өзіміз келіп көріп отырғандай. Қаланың шеті, сырт жағында осындай сенбіліктерді ұйымдастырып отырамыз. Себебі қалаға кіріп келе жатқан әрбір азамат үшін қала туралы пікір осы сыртынан басталады.

Петропавлдықтар да «Таза бейсенбі» акциясына қатысты. Белсенділер бұл жолы қаланы сумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның аумағын тазартты. Көктемгі тасқыннан кейін ластанған аумақтарды тазартып, күл-қоқысты шығарды. Әр апта сайын өтетін экологиялық шараға атсалысқандар қатарында мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының мүшелері мен жастар бар.