Қазақстандық палуан Гинестің рекордтар кітабына енді
Бауыржан Камалиев ұшақ сүйреп, осымен бесінші рет әлемдік рекорд орнатты. Күннің аптап ыстығы да жігіт ағасына кедергі болған жоқ. «Бұл жеңісін ол осы жексенбіде тойланатын Полиция күніне арнадым»,- дейді.
Мына кадрден-ақ жан дүние тітіркенеді. Салмағы 32 тонна 500 келі ұшақты Бауыржан Камалиев белі қайыспай, сүйреп шықты.
Бір қызығы – жігіт ағасы кәсіби спортшы емес. Әскери-тергеу департаменті қызметкері, подполковник. Бірақ бұл оған 5 рет әлем рекордын жаңартуға кедергі келтірген жоқ.
Қуандық Құдайбергенов КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:
- Мұндай рекорд 2023 жылы Ресейде тіркелген еді. 32 тонна 100 келіні жылжытты. Жаңа рекорд үшін ұшақты жылжытып, 10 шақты метрге жеткізу керек болды. Бұл Бауыржанның қолынан келді. Құттықтаймыз!
Бұған дейін Бауыржан салмағы 276 тонналық 2 локомотивті, 42 тонналық ұшақ пен зілдей темір көлікті сүйреген еді.
Бауыржан Камалиев, рекордшы:
- Рекорд орнату – ол енді жүрек бұлшық ет қой, ол жүрекке ауыр тиеді. Статикалық тартасың ғой, сол кезде жүрек қағысы қысылып қалады да. Бұл бізге болады. Кәдімгі адамның белі шойырылып кетеді ғой.
Сондықтан ол бос уақытында жаттығудан босамайды, әрі қарапайым халыққа бапкерлік қызмет етеді. Жігіт ағасы мұнымен шектелмей, алдағы уақытта 50 тонналық ұшақты сүйрегісі келеді. Айта кеткен жөн, бұл ұшақ Ұлттық ұланға тиесілі.
Бексұлтан Әбдәлиев, кеме командирінің көмекшісі:
- Бұл ұшақтарда 86 адам, яғни барлық жабдықтармен қамтылған әскери құрамды тасымалдай аламыз. Немесе осы жүк кабинасында 20 тоннаға дейін жүктер тасымалдай аламыз.
Еліміз үшін қилы сәттерде бұл көлік түрі талай пайдасын тигізді. Мыңдаған тонна гумманитарлық көмек жеткізілді. Дәрі-дәрмек, киім-кешек, қажетті техника , бәрі ұшақпен жетті. Шалғайдағы талай адам осы көліктің арқасында қауіпсіз жерге көшірілді.
Әлібек Малғаждаров, жабдықтарды жөндеу және регламенттер тобының аға технигі:
- Көптеген жүктерді басқа осы Таяу Шығысқа, жер сілкінісі болғанда осы Түркияға, Сирияға жүк тасымалдау болды, гумманитарлық көмектер тасымалданды.
Сырт көзге жай ғана құрсаулы темір көрінгенімен, талай жанның тағдырына жәрдем берген дүние. Содан болар, нардың жүгін арқалаған бұл көлік Бауыржан Камалиев үшін келесі меже. Бел де, белбеу де кетпесін деп тілейік!
Дана Әлиева, Аманжол Байғазин