Хабар телеарнасы

Ақтөбеліктер Қарғалы өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Өңір жаңалықтары

Ақтөбенің еріктілері мен «Жасыл Ел» жасағының белсенділері Қарғалы өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Көпшілік жаздың аптап ыстығында салқын судың бойында демалғанды жөн санайды. Алайда жастардың айтуынша, артын жиып, тұрмыстық қалдықтарды тиісті орындарға тастайтыны некен-саяқ. Белсенділер экология мәдениетін қалыптастыру үшін халыққа үнпарақтар таратты.

 

Жетісу облысындағы Ақсу ауданының жастары да «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп, «Сегіз батыр» аллеясын қоқыстан тазартты.

«Жасыл ел» жасағының өкілдері өзен-көлдердің жағалауы мен саябақтарды және ардагерлер тұратын үйлердің ауласын абаттандыруда. Өңірде жыл басынан бері 20 мыңнан астам тал-терек егілген.

 

Түркістан облысында бұған дейін тазалық жұмыстары аптасына бір рет өткізілсе, енді күн сайын ұйымдастырылмақ.

 Жаңа ережеге сәйкес, әрбір басқарма басшысы өзі жетекшілік ететін ұжымының акцияға қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Өңірде қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге төгетіндер азаймай тұр.

Акция басталғалы бері 14 мыңнан аса хаттама толтырылып, 153 млн теңге айыппұл салынған.

Бұл науқаннан Астана жастары да қалыс қалмады. 100-ден астам жас өрен «Таза бейсенбі» акциясы аясында қала сыртын қоқыстан тазалады. Үш сағатта 200 қапшық қоқыс жиналды.

«Жасыл Ел» еңбек жасағының құрамындағы 14 жасқа толған әрбір жеткіншек адал еңбегі үшін бір айда 64 564 теңге айлық алады. Аталған шара балаларды қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауға үйретеді.