Хабар телеарнасы

Елімізде 15 сейсмикалық аудандастыру картасы әзірленеді

Бұл қауіпті өңірлерде жер сілкінісі ошағының 70% болжауға мүмкіндік береді. Оған қоса карта ондағы жаңа құрылыс нормаларын әзірлеуге негіз болады. Бүгін Үкімет сейсмология саласын дамытудың 5 жылдық кешенді жоспарын қабылдады. Соған сай сейсмологиялық қауіпсіздікті нығайту шаралары бекіп отыр. 70 сейсмикалық станция қайта жөнделеді. Тағы 285 станция орнатылады. Қазақстан жерінің шамамен 40% сейсмикалық аймаққа жатады. Олардың қатарында Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай мен Жетісу облыстары бар. Ауқымды шаралардың ішінде мониторингті күшейту, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, кадр даярлау деңгейін арттыру сияқты мәселелер бар.