Хабар телеарнасы

Елімізде бәс тігуге құмартқандардың саны 400 мыңнан асты деген дерек бар

«Елімізде бәс тігуге құмартқандардың саны 400 мыңнан асты деген дерек бар. Әрбір қылмыстың 20%-і, отбасы ойран болуының 40%-і осы ойынқұмарлықтың кесірінен»,— дейді мамандар. Күрделі мәселемен жүйелі күресу үшін Мемлекет басшысының жаңа заңға қол қойғаны белгілі. Енді банктерге берешегі бар 3,5 миллионға жуық борышкер бәс тіге алмайды.

28 жастағы Әділдің 200 млн теңге қарызы бар. 16 жыл бойы бәс тіккен ол, отбасын аяққа тұрғызамын деп, құмарлықтың арбауына қалай түскенін аңғармаған.

Әділ Әлімбеков, қала тұрғыны:
-Әке-шешем көп ұрысатын, әкем қатты ішетін, содан мен үйдегілерді алып кетемін деп ойынға бардым. Бірінші барғанда менде ұтыстар болды. Содан шыға алмай қалдым. Құндылықтарымның бәрін жоғалттым, әке-шешем, достарым, ешкім сыйламайтындай дәрежеге жеттім ғой. 

Ойынқұмарлық Әділдің жұмыстағы беделіне де кесірін тигізді. Көлік саудасымен айналысып жүріп, бәс тіккен ол, бөтеннің ақшасын қолды қылды. Ал мәселенің астарын өміріне қауіп төнгенде ғана түсінді.

Әділ Әлімбеков, қала тұрғыны:
-Біраз уақыт көптеген мәселе болды, үйге балалар жіберді, үйдің айналасында машиналар тұрды. Менімен бірге ойнап жүрген қаншама адам қайтыс болды. Асылып қалды біреуі, біреуін өлтіріп кетті.

Мамандар ойынқұмарлықтың негізгі себебі байлықтың дәмін татуға деген ұмтылыс та емес, кезінде отбасындағы жылулықтың жетіспеуінен дейді. Бұған Әділдің оқиғасы да дәлел.

Аманжан Әбдікәрімов, психолог-аддиктолог:     
-Бұрын ата-аналар ойынмен зардап көрмеген, білмеген. Балаларға кішкентай кезде ойнасын деп қолына телефон ұстатқызған. Бүгінгі күнде осы мәселе өсіп, енді сыртқа шығып жатыр. Көбісі жасырады ғой. Жасырмаған болса, әрбір 5-ші жанұяда игроман бар.

Кеселдің кесірін болдырмас үшін мемлекет те жүйелі шараларды қолға алған. Ең алдымен, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы жарнамасы шектелді. Тіпті ұялы телефонға СМС хабарлама жіберулеріне тыйым салынды. Сондай-ақ 21-ге келмеген азаматтарға, мемлекеттік және әскери қызметкерлерге, арнайы мемлекеттік орган өкілдеріне де құмар ойынға қатысуға тыйым бар. Бұл талап бұзылса, мансап иелері жұмыстан қуылады.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мемлекеттік қызметші дегеніміз - бұл алдымен мемлекеттің мәртебесі, мемлекеттің абыройы. Олар мемлекеттің қаржысына нұқсан келтіретін жағдайға жетіп отырмыз. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің бәс тігуіне тыйым салу аса маңызды норма деп есептеймін. Сонымен қатар мынау әскерилерге де тыйым салу мәселесі аса маңызды. Өйткені офицерлер қаржыны қайдан алады деген мәселе туындайды ғой. Ол өзінің қарамағындағыларды ұрып-соғуы мүмкін, сержанттардан алуы мүмкін.

Тағы бір маңызды қадам - ел аумағында онлайн казиноларға тыйым салынды. Ал оны желіде ұйымдастырғандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Рауан Қалиев, заңгер:
- Өкілетті орган лицензиясы бар ұйымдардың тізімін жүргізетін болады. Сол тізімдерге байланысты банк пен екінші деңгейдегі банктер шетелдік ұйымдарға кетіп жатқан транзакцияны бұғаттайтын болады. Ол дегеніміз не? Егер бұл Қазақстанда тіркелмеген, лицензиясы жоқ мекеме болса, сіздің төлеміңіз өтпейді.  

Заңда құмар ойынға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі де белгіленді. Енді лудоманияға шалдыққандар құпиялылықты сақтай отырып, мемлекеттік емдеу орталықтарында тіркеуге тұрмай-ақ емделе алады.

Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев, Айбын Құсанбеков