2030 жылға дейін теміржолды дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданды
Елімізде 2030 жылға дейін теміржол көлігін дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданды. Ол туралы Көлік министрлігі жуырда баспасөз хабарламасын таратты. Тұжырымдаманың жобасы биыл көктемде қоғамдық талқылауға ұсынылған. Аталған құжат теміржол көлігі жұмысының оңтайлы жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Теміржол саласында вагон тапшылығы, пойыздардың кешігуі деген сияқты бірқатар жүйелі мәселе бары ешкімге құпия емес. Жаңа тұжырымдама осы түйткілдердің түйінін тарқата ма?
Ай бұрын Парламентте «Жоғары аудиторлық палата төрағасы Қазақстан теміржолы дефолттың ар жақ бер жағында»,— деп жағамыз ұстатып еді. Жаңа тұжырымдама саланы құрдымға кетуден құтқарудың қамы емес пе?
Иә, 3 трлнға жуық қарызды айтып отырсыз ғой, бірақ көлік министрлігі сол кездің өзінде құрығалы тұрған ештеңе жоғын айтқан еді. Ал мына құжат саланы заман талабына қарай жетілдіруді мақсат тұтады екен.
Хош сонымен Көлік министрлігіне жаңа қабылданған тұғырнамада нендей қадамдар барын білмекке сұрау салдық. Жазбаша жауабынан сүйекті тұстарын оқып берейік.
Стратегиялық құжат аясында салаға жеке инвестицияларды тарту, жылжымалы құрамның бәсекелестік нарығы субъектілерінің жаңаруы, жаңа желілер салудың ірі жобаларын іске асыру және жеке компаниялардың жолаушыларды тасымалдау тетігін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылады деп күтілуде.
Әуелі Әлихан Смайыловтың мәлімдемесіне бір тоқтала кетсек. Қазақстан теміржолының басына күн туатындай қандай жағдай?
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
-Бүгінде КТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің қызыл аймағында тұр. Оның борышы 24-жылдың басында 2.9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде. Жалпы борыштың 45% немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған.
«Объективтілік үшін айта кетейік, ай бұрын көлік министрі Қарабаев жағдай анау айтқандай мүшкіл емес»,— деп журналистерге берген жауабында қара бұлтты сейілткендей болған.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
-Жоғары аудиторлық палатаның айтып отырған қарызы, ол ҚТЖ кезінде үлкен жолды іске салды ғой. Мысалы, қазір Дарбаза мен Мақтаралды салып отыр немесе Алматы қаласының айналма жолын салып отыр. Ол ақшаның біреуін де мемлекет берген жоқ. Баршасын ол шетелдік институттардан тартты және солар ҚТЖ-ға өзіне мойнына қарыз ретінде отырады. Ол ақшаны ҚТЖ 20-25 жылға алады. Ертең сол жолмен көліктер, жүк тасымалданып басталады және соның есебінен қайтарады.
Ал саладағы негізгі жүйелі мәселелер ол қарызбен шектеліп қалмайды. Әсіресе жазда жолаушылар пойыздардың кешігуінен немесе вагонның жетіспеушілігінен әуреге түсіп жатады. Компания төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов қазір 300-ден 500-ге дейін вагон тапшы екенін жуырда мәлімдеді. Ал жаңа құжат бұл мәселеге қандай шешім ұсына алады? Біз бұл сұрақпен Қазақстан темір жолына шықтық.
Жолаушылар тасымалы компаниясы ұсынған ақпаратқа сәйкес елімізде жылына 97 бағытта 13 млнға жуық жолаушы тасымалданады. Вагон паркі 2 157 бірлік. «Былтырдан бері елімізде жасалған 150 жаңа вагон жолға шыққан. Бұдан бөлек жыл соңына дейін қосымша 150 вагон сатып алу мәселесін мемлекеттік органдармен пысықтап жатырмыз»,— дейді. Оның сыртында 2025 жылдан 2030 жылға дейін штагер технологиясы бойынша 537 вагон сатып алынбақ екен.
Нариман Дүйсекеев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы:
-Осылайша теміржол саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы вагон паркінің тозуы мәселесін шешіп, көрсетілетін қызмет сапасы мен жолаушыларға жайлы жағдай жасау деңгейін көтеруге септеседі. Ал вагондардың орташа жасы 18 жылдан 13 жылға дейін төмендетіледі.
Жуырда пойыздардың кешігуіне қатысты депутаттардың сауалына жауап бергенде Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасымалдаушы әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3% өтеп береді деген. Мәселен, былтыр 7 айда жолаушыларға 20 млн теңге өтемақы төленген. Яғни бұл компания үшін үлкен сома емес. Нәтижесінде кешігу қалыпты жағдайға айналған. Ал жолаушылар өтемақы алуға уақыт жоғалтады. Бюрократиялық кедергілер де бар. Сол себепті үкімет өтеуді электронды жүйеге көшіруді және оның мөлшерін 3-тен 10 пайызға көтеруді ұсынып отыр. Ал компания өкілдері пойыздардың кешігуін күннің ысуы және теміржол учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарымен байланыстырады.
«Жоғары аудиторлық палата төрағасы жүк тасымалы, жалпы транзиттік сұраныстың артуы сияқты тамаша мүмкіндіктерді пайдаланбай отыр, тасымалдарды басқару жүйесі ескірген»,— деп сын айтты. Өз кезегінде жауапты компания бұл жерде жүк вагондарының паркін жаңалау мәселесін шешумен айналысып жатқанын айтады.
Абылайхан Жарлықпай, «ҚазТемірТранс» АҚ Маркетинг және тариф саясаты жөніндегі басқарушы директоры:
-Жүк тасымалы паркінің 7 мыңдай вагоны жөнделді. Жыл аяғына дейін тағы 6 мың вагонды жөндеуден өткіземіз. Бұдан бөлек біз былтыр отандық кәсіпорынмен 3 мың ашық вагонға келісім жасадық. 25 жылға дейін ол жеткізіледі.
«Жаңа тұжырымдамада жүйелі мәселелерді кезең кезеңімен еңсеру көзделіп отыр»,— дейді көлік министрлігі. Атап айтқанда, өндірістің негізгі құралдарын жаңарту және жаңғырту сияқты маңызды тармақтар қарастырылған. Ал ҚТЖ-ның өзіне келсек, ай бұрын депутаттар 15 млрд тг шығынға батқан ҚазПоштаның мәселесін Мәжілісте май шаммен қарадық, қазір 2 млрд теңге табысқа шықты. ҚТЖ-ға да осылай көмектесейік деген. Не дейміз, күзді күтеміз енді.
Авторлары: Берік Дүйсенбай