Хабар телеарнасы

Ақмола облысында дәстүрлі «Дала күні» көрмесі өтіп жатыр

Қазақстанда салмағы 1 тоннадан асатын бұқалар бар. Бірақ олар саусақпен санарлық.

Бүгін солардың бірі Ақмола облысының Ақкөл ауданында өткен дәстүрлі «Дала күнінде» көпшілік назарына ұсынылды. Ашық аспан астындағы көрмеге ұсақ мал да әкелінген. Заманауи техника мен тың технология да осында

Дамир Берікұлы, тілші:

- «Біздерде мынадай бар, мынадай бар», - деп бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі мақтанды, марқайды. Олар мұнда Қазақстандағы ең үздік техниканы, ең асыл тұқымды малдарды алып келген.

Көрмеде жұрт назарын аудартқан ангус тұқымды «Мишка» есімді бұл бұқа 1 тонна 138 келі тартады. 3 жастан енді асқан ол жылына 400 келіден астам салмақ қосады. Иесі оны  аукционда 3,5 млн теңгеге сатсам деп ниеттеніп отыр. Ал бұқалар арасында өтетін жарыстан үміті аз. Себебі жасы ұлғайып кеткен. Ең етті ірі қара сайысынан отандық тұқымдардың төлдері жүлде алуы мүмкін, - дейді сарапшылар.

Ермұхамет Бақытжанұлы, Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының бас маманы:

- 600 мыңға жуық асылтұқымды, ақбас тұқымды малдарымыз бар. 16 мыңға жуық шаруа қожалықтары осы асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырған жайы бар. Ең іріктелген, жоғары өнімділігі жағынан бағаланған ақбас  тұқымды бұқаларын әкеліп отырмыз.

Ереже бойынша бұқалардың түр-сипатынан бастап жасы мен салмағына дейін ескеріледі. Кімнің ірі қарасы ең жас болса және ең ауыр тартса, сол жеңімпаз атанбақ.

Көрмеге сондай-ақ қойлар мен қошқарлар да қойылған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысынан келген шаруалар, шетелден әкелінген аталық тұқымдарды отандық еділбай қойымен будандастырып, жаңа тұқым алып отыр. Нәтижесі жаман емес. «3-4 айлық қозысының өзі 20 келі ет береді», - дейді мамандар.

Жанат Хасенов, селекционер:

- Франция, Бельгия, Голландия, Южная Африкадан әкелгенбіз. Еттің сапасын көтеруге, біріншіден. Шетелден әкелген тұқымдардың бәрі етті тұқымдар. Осында бірінші поколениесі бар шыққан будандары. Еттің сүйегін бөлеміз, етін бөлеміз. Сонда еті 80-82%. Сүйегі 20-18 ғана. Біздің қазақы қойда ондай емес.

Техниканың ең жаңасы мен ең үздігі де осында. Бірақ елдегі тракторлар мен комбайндардың бәрі осындай деңгейге қашан жетеді, қайтіп жаңартамыз? Малдың дені неге асылтұқымды емес? Мұны көрмені көруге келген министрден сұрадық.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Техниканы биыл 5,5%-ке жаңартуымыз керек. Бүгінгі күні 3%-ке жаңартылды. Асылтұқымды бүгінгі күнде 13%-ке жетіп отырмыз. Енді біз оны 15-16%-ке дейін жеткіземіз деп отырмыз. Бұған да уақыт керек.

«Ол үшін қажетті қаражат бар», - дейді министр. Айтуынша, еліміздің ауыл шаруашылығына жыл сайын 140 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл сома 4 есе өсіп, 580 млрд теңгеге жеткен. Одан бөлек ауылдағы ағайынға техника мен тұқым, тыңайтқыш пен мал алуға 5%-тік жеңілдетілген несие қарастырылған. Олардың кейбірі тіпті, кепілдіксіз берілмек.

Дала күні мерекесі екі күнге жалғасады. Яғни шаруалар екі күн бойы өзара тәжірибе алмасып, шет елдердің озық технологиясымен танысады.

Дамир Берікұлы, Руслан Тәуірше