Ақмола облысында 296 шаруаның құқығы қорғалды
Олар былтырдан бері өздеріне тиесілі субсидияларын ала алмай келген. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары шаруалардың өтінімдері дұрыс рәсімделмеген соң, қомақты қаржыны беруден бас тартқан. Бірақ оны белгіленген мерзім өткесін ғана хабарлаған.
Мемлекеттік қызмет істері департаменті осы іске араласып, шаруалардың уәжін растады. Міне, осыдан кейін ғана жергілікті атқарушы орган өкілдері 619 млн теңге болатын субсидияны біртіндеп төлей бастады.
Нұрсұлтан Шытырынбек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы:
- Тексеру барысында осы фактілерді анықтап, департамент Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 13-бабына сүйене отырып, яғни әкімшілік органның құқыққа сыйымсыз әрекеттері қызмет алушылар үшін ауыртпалықтар тудырмауы тиіс. Осының нәтижесінде департамент басқармаға тиісті заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс еңгізді. Оны қарастыру нәтижесінде басқарма мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесінің әзірлеушілері арқылы қызмет алушылардың құқықтарын қалпына келтірді.