Хабар телеарнасы

Жаз басталғалы бері елімізде 87 адам суға кетіп көз жұмған

Елімізде жаз басталғалы бері 87 адам суға кетіп көз жұмған. Оның 35-і бала. Қайғылы жағдайлардың көбі шомылуға тыйым салынған орындарда болған. 1 маусымнан бастап полицейлер мен құтқарушылар ондай жерлерде бірнеше рет рейд жүргізіп, 700-ден астам адамды жауапкершілікке тартқан. Алайда жазатайым жағдайлар азаяр емес. Енді қайтпек керек? 

Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін Көкшетауда Қопа көлінің жағасына бейнебақылау орнатылды. Сапалы смарт-камералар енді су айдыны жағалауын толық қамтиды және автоматты түрде жүзуге тыйым салынған жерге адамдардың кіргені туралы хабарлайды. Құтқарушылардың сөзінше, осындай бейнебақылау облыстың басқа да су қоймаларына қойылады.

Жанат Асылбеков, Ақмола облыстық ТЖД басқарма бастығы:
-Мұндай камераларды Бурабайда міндетті түрде орнату жоспарлануда. Қазір жергілікті атқарушы органдармен келісіп жатырмыз. Сондай-ақ Зеренді көлінде де бейнебақылау болады. Осындай камералар жақсы нәтиже береді. Бейнебақылау жүйесі қашықтан басқару пультіне және кезекшілік бөлімге белгі береді. Сондықтан біз уақытында тиісті шараларды қолдана аламыз.

Ал Каспийге барғандар биыл 1 млн теңгеден астам айыппұл төлепті. Себебі олар шомылуға тыйым салынған орындарда суға түскен. Құтқарушылардың айтуынша, тәртіпке бағынбайтындардың қатары сонда да азаятын түрі жоқ. «Тіпті қауіпті жерлерге балаларымен де барады»,— дейді. Одан қалды түнде де суға түсуді әдетке айналдырғандар бар. Сондықтан облыста қазір күндіз-түні рейд жүріп жатыр.

Ратбек Демеуберген, Маңғыстау облыстық ТЖД басқарма бастығы:
-Осы рейдтік іс-шаралар кезінде департаментпен 50 адам құтқарылған болатын. Алайда өкінішті статистикаға қарайтын болсақ, қазіргі таңда су айдандарында Маңғыстау облысы көлемінде  9 адам қаза болды. Оның ішінде үш бала.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, судағы кісі өлімінің негізгі себептері: кәмелетке толмағандары қараусыз қалдыру, тыйым салынған аумақтарда шомылу, мас күйінде суға түсу, жүзе алмаса да суға терең бойлау және балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау.

Құтқарушылар биыл өз басын қатерге тігіп, суда өлім құша жаздаған 160 адамды құтқарыпты. Ал оның 44-і бала. «Сондықтан су қателікті кешірмейтінін қаперден еш шығармау қажет»,— дейді құзырлы орган өкілдері.

Авторы: Дамир Берікұлы