Хабар телеарнасы

Астанада жыл өткен сайын көлік қозғалысы қиындап барады

Әсіресе Есіл өзенінен өтетін көпірлерде таңертең, кешке ұзын сонар кептеліс. Бұдан қалай құтылуға болады? Әкімдіктің мәліметінше, алдағы жылдары бас шаһарда айналма жолдар мен бірнеше көпір салынбақ. Мамандар сол жағалау мен Сарыарқа ауданын қосатын өзен өткелінің жобасын жасауға кірісіп кетіпті. Оның қандай игілігі бар? 

Жаңа көпір дәл осы жерден салынады. Ол Қорғалжын трассасын оң жағалаудағы Кенжебек Күмісбеков көшесімен қосады. Бірақ ұзындығы 700 метрлік нысанның құрылысы биыл емес, келесі жылы басталады.

Себебі көпірдің жобалық-сметалық құжаттары әлі дайын емес. «Аталған қағаздар 2025 жылдың жазына қарай әзір болады»,— дейді әкімдіктегілер. Тек содан кейін барып құрылыс жұмыстарына дайындық басталмақ.

Гүлнұр Сүлейменова, қалалық Көлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім жетекшісі:
-Бұл көпір Сарыарқа көшесіндегі көпірдің көлік нөпірін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шабал Бейсекова көшесіндегі кептелісті қысқартады. Себебі аталған екі көше оң жағалау мен сол жағалауды жалғайтын осы аумақтағы ең негізгі күре жолдар.

Жаңа көпірге қарай Кенесары көшесінің жалғасын салып, Кенжебек Күмісбеков пен Әйтеке би көшелерінің арасындағы шағын аралға кішкене көпір де тұрғызылмақ. Ал осы жұмыстың барлығына бас-аяғы 4-5 жыл уақыт керек»,— дейді жауаптылар. Тек созылып кетпесе болғаны. Өйткені қалада ондай мысалдар жетерлік. Мәселен, Алаш тас жолындағы көпірдің жөнделмей жатқанына биыл үшінші жыл. Салдарынан бітпейтін кептеліс, жол апаты да жиі боп тұрады.

Сәрсен Мәженов, қала тұрғыны:
-Бұл көпірде бес-ақ адам жұмыс істеп жүр. Жұмысшыдан бастық көп. Істері сосын қайдан өнсін? Қытайларды әкелсе, 3-ақ күнде салып берер еді. Әйтпесе 3 жыл ішінде бір көпірді жөндеп бітіре алмау деген масқара ғой.

Ғалымжан Ибраев, қала тұрғыны:
-Жылда осылай. Бір жағын ашады. Бір жағын жабады. Жүру қиын ба? Енді қиын болмай қайтеді? Қарасайшы, қозғалыс қандай? Әсіресе жүк көліктеріне қиын.

Әкімдіктегілер аталған көпірдің жөндеуі биыл қыркүйек айында аяқталады, ал Шабал Бейсекова мен Нұрғиса Тілендиев көшелерінің қиылысындағы көпір келесі жылы пайдалануға беріледі деп сендірді. «Алдағы уақытта Шабал Бейсекова көшесі Ақжол көшесімен қосылып, ішкі айналма жол пайда болмақ. Сондай-ақ келешекте Тәуелсіздік даңғылы Қабанбай батыр даңғылына дейін созылады. Бұл Мәңгілік ел даңғылындағы кептелісті азайтады»,— дейді мамандар. Осылайша қалада көлік қозғалысы едәуір жеңілдейді деген үміт бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Қайрат Ақтөреев