Хабар телеарнасы

Ерлан Қарин Zakovat зияткерлік клубы ұйымдастырған іс-шараның ашылуында сөз сөйледі

Ерлан Қарин Zakovat зияткерлік клубы ұйымдастырған іс-шараның ашылуында сөз сөйледі

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен бірге Zakovat зияткерлік клубы ұйымдастырған іс-шараға қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Ерлан Қарин Zakovat жобасы екі ел арасын жалғаған тағы бір алтын көпірге айналғанын және екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда прогрессивті құндылықтар мен ұстанымдарды, білім культін, кәсіби шеберлікті құрметтеу дағдысын орнықтыру қажеттігі туралы ұдайы айтып келе жатқанына назар аударды. Соңғы жылдары Қазақстанда педагогтердің, дәрігерлердің, мәдениет және өнер қайраткерлерінің мәртебесін көтеруге, креативті индустрияны қолдауға қатысты нақты шаралар қабылданғанын, жас ғалымдардың зерттеулері мен тағылымдамадан өтуіне арналған грант саны артқанын, Президенттік жастар кадрлық резерві құрылғанын айтты. Аталған құндылықтар мен бастамалар Zakovat клубының идеологиясымен үндеседі.   

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кеңесші Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды өзгерістер жолында сеніммен қадам басып келе жатқанын жеткізді.  

Ерлан Қарин сөзін қорытындылай келе, екі мемлекет арасындағы көпжақты ынтымақтастық бауырлас халықтардың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

Саида Мирзиёева өз сөзінде жастар әрдайым жасампаздық үдерістерінде маңызды рөл атқарып, өркениеттің басты қозғаушы күші болатынын айтты. Осыған байланысты ол Zakovat жобасының екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық серіктестікті кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті. Саида Мирзиёеваның айтуынша, мұндай жобалар Орталық Азия елдерінің адами капиталының сапасын арттыруға оң ықпал етеді.

Сонымен қатар өзбек делегациясының басшысы Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің белсенді саяси диалогы Орталық Азияның қауіпсіз, өркендеген аймақ ретіндегі статусын нығайтуға септігін  тигізетінін айрықша атап өтті.