Хабар телеарнасы

Шымкентте жалпы еңбек өтілі бір ғасырға жуықтаған құрылысшы әулеті бар

Шымкентте жалпы еңбек өтілі бір ғасырға жуықтаған құрылысшы әулеті бар. Темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауытта Шералы Ядыгаров жеті баласымен бірге жұмыс істейді. Қазір Шерағаның өзі зейнет жасына жетсе де, кран басқарып, өзге жұмысшылармен тәжірибесін бөлісіп жүр. 

Еңбекпен есейген Шералы Ядыгаров 40 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істейді. Алғашында арматура тоқып, бетон құйған. Қазір кран басқарады. Дайын плиталарды біркелкі етіп жинап, ауыр көліктерге артып береді.

Шералы Ядыгаров, краншы:
- Мен жұмыссыз тұра алмаймын. Бір күн демалысымызда да бәрібір жұмысқа тартып тұрады. Денсаулық болса жұмыс істеген жақсы. Үйде отырсаң, ауырып қаласың. Қалаға шықсақ зәулім үйлерді көргеннен кейін сүйінесің. Істеген бейнетің, сенің жіберген материалдарың. Мақтанамыз. Қуаныш.

Шералы Ядыгаров жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, жүк тиеуде техникалық-қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайды. Өндіріс көлемі артқанда жұмыс кестесі де екі ауысымға көшірілген. Барлығы 180 маман еңбек ететін зауытта «Үздік құрылысшыларға» құрмет көрсетіледі. Олардың жалақысына үстеме ақы қосылып, жылына бір рет шипажайға жолдама беріледі.

Ілияс Әбдірахманов, зауыттың өндіріс бөлімі басшысының орынбасары:
-Шералы ағамыздың өзі бізде істеп жатқанына 20 жылдан асты. Жұмыс ұнағаннан кейін өзінің қыздарын, бала-шағасын, көршілерін сенімді болғаннан кейін тартып отыр бізге. Біз ондай кісілерді бағалай білеміз.

Шералы Ядыгаровтың әкесі де құрылысшы болған. Қазір оның ізін ұл-қызДАРЫ мен немересі жалғады. Әулеттің жылдап жинаған жалпы еңбек өтілі бір ғасырға жуықтаған.

Гүллала Асланова, Ш. Ядыгаровтың қызы:
-Мен басқа жұмыс істей алмайтын сияқтымын. Осы жұмыстан басқа. Ұнайды жұмысым өзіме. Сіңлілерім істеді. Менен алдын 2 сіңілім істеді.

Құрылыс саласының дамуына елеулі еңбек сіңірген әулетті республикалық одақ та жоғары бағалайды. 2020 жылы Шералы Ядыгаровқа медаль табыстап, арнайы марапаттады. Жылына миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынатан қалада олардың адал еңбегі көпке үлгі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов