Хабар телеарнасы

Сарапшылар: Халыққа ядролық энергетиканың экономикалық тиімділігін түсіндіру керек

Ядролық энергетиканың экономикалық тиімділігі мен экологиялық пайдасын халыққа кеңінен түсіндіру қажет. Отандық және халықаралық сарапшылар осылай дейді. Қазір әлемде атом энергиясын пайдалануды қолдайтындар көбейген. Бұған Еуропа мен Америкадағы энергетикалық дағдарыс себеп болып отыр. «Жаңа технологиямен жасақтанған ядролық энергия - сенімді қуат көзі», - дейді сарапшылар.  

Энергетика саласы мамандарының зерттеуіне қарасақ, бір АЭС жылына ауаны ластайтын 20 млн тоннаға дейін зиянды қалдықтың алдын алады екен. Себебі 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнай беретін энергияны шығарады. Демек АЭС салу тұтас жаһан жұртының басты мәселесі қоршаған ортаны қорғауға келгенде де таптырмайтын тәсіл боп тұр.

Алмаз Әбілдаев, энергетика саласының сарапшысы:
-Ең басты мәселе бізде ұлттық программамыз бар. 2060 жылғы дейінгі декорбанизация. Атом станциясы көмірді пайдалануды азайту жағынан жақсы инструмент. ТМД-да көмірді ең көп пайдаланатын біз. 75%. Ол көп. Сосын энергобаланста әртүрлі энергияның түрлері бола бергені жақсы. Соның жаңа түрі - атом энергиясы.
 
Ал шетелдік сарапшылар атом энергиясын пайдалануда халықаралық тәжірибені ескеру керек дейді. Мәселен, қазір бұл саладағы III және III + буын стансалар іс жүзінде мүлдем қауіпсіз. Нәтижесінде қазір әлемнің 31 елінде 440 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Ұлыбританиялық сарапшы Ричард Олингтон атом энергетика саласының осындай тиімді тұстарын халыққа кеңінен түсіндіру керек деп есептейді.

Ричард Оллингтон, Radiant Energy Group компаниясының жетекшісі:
- Меніңше, Қазақстан Үкіметі АЭС салуға қатысты ақпаратты дәстүрлі БАҚ-пен қатар YouTube, TikTok және Instagram сынды әлеуметтік желілерде де кеңінен таратқаны дұрыс. Ядролық саладағы Қазақстанның тәжірибесі бар екенін естен шығармай, халыққа түсіндірген абзал. Бұл халық үшін маңызды ақпарат.

Ұлыбританиялық сарапшының еліміздің атом саласындағы тәжірибесі туралы сөз қозғауы бекер емес. Қазақстанда жылдам нейтрондармен жұмыс істейтін әлемдегі тұңғыш ядролық реактор Ақтау қаласында 1972-1999 жылдары аралығында жұмыс істеген.

Акиро Токухиро, Онтарио Технологиялық университетінің профессоры:
-Бұл – өте күрделі инженерлік жүйе. Бірақ Қазақстанда әлеуетті жұмыс күші мен кәсіби мамандар бар. Оған қоса қазіргі атом электр станциялары 70 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Олармен жұмыс істеу үшін жоғары білікті мамандар қажет. Қазақстанда мұндай кадрлар бар.

Рас, АЭС салынғаннан кейін маман таппай қаламыз ба деп алаңдауға негіз жоқ. Бүгінде еліміздегі ұлттық ядролық физика институтында 750-ден астам білікті инженер бар. Ал жалпы қазақстандық мамандардың атом реакторымен жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасырдан асты. АЭС-тің салынуы отандық атом энергетикасы саласының одан әрі дамуына ықпал етпек.
Авторлары: Досжан Ысқақ, Дархан Күнтуов