Хабар телеарнасы

Ерлан Қошанов: АЭС ел тәуелсіздігін нығайту үшін қажет

«Жастар Рухының» миссиясы – жастарды өзекті мәселелерді шешуге жұмылдыру және өскелең ұрпақты мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты тарту.

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінде өткен кездесуде осылай деді. Осы күндері Түркістан облысы Нысанбек ауылында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 420 делегат бас қосып, білім-біліктілігін арттырып жатыр. Мәжіліс спикері жастармен жүздесуде еліміз үшін маңызды шешім – АЭС салу туралы да сөз қозғады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- АЭС бізге не үшін керек? Біздің болашағымыз үшін қажет. АЭС бізге ғылым мен білімді қарыштатып дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту үшін қажет.  Экономика қарыштап дамуы үшін қажет. Президент мұны жан-жақты саралап, түсіндіруді тапсырды. Ғылыми негізі дәлелденгенін естен шығармау керек.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанда АЭС салу мәселесін жеке талқылады. «Жастар Рухының» белсенділері мен мүшелері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, АЭС құрылысына қолдау білдірді.