Хабар телеарнасы

Қарағандыда «Конституция – мемлекет пен қоғам тұрақтылығының кепілі» атты дөңгелек үстел өтті

Қарағандыда «Конституция – мемлекет пен қоғам тұрақтылығының кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Онда құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы негізгі Заңның рөлі талқыланды. 2 жыл бұрын референдум арқылы Ата Заңға ауқымды өзгеріс енгізілген. Мәжіліс депутаттарының 30%, облыс мәслихаттарының 50%, аудандық мәслихаттар 100% тікелей халықтың дауыс беруімен сайланады. «Бұл өзгерістер өңірдің дамуына серпін берді», -  дейді жиынға қатысқан сарапшылар.

Еліміздің ең жоғары заңдық күшке ие негізгі құжаты – Конс­титуция. Осыдан екі жыл бұрын референдум арқылы Ата Заңға ауқымды өзгерістер енгізілген еді. Қазір Қазақстан өлім жазасы жоқ мемлекеттер қатарында. Еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен өмір сүреді. «Жаңа Қазақстанның» құқықтық негізі қаланды.

Әлібек Әлденей, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
-Осы жылдар ішінде еліміздің негізгі заңы жоғары тиімділігін, демократиялығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын тағы бір дәлелдеп берді. Конституциялық нормалардың зор әлеуеті біздің қоғамның бүгінгі жетістіктері мен табыстарының негізі болып табылады.

Жиынға басқармалар мен құқыққорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, адам және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың мүшелері шақырылған. Сарапшылардың ­пайымдауынша, Қазақстанның негізгі заңы әлемдегі ең жас Конс­титуция және жалпыадамзаттық құндылықтарды дә­ріптейтін ең үздік 50 құжаттың бірі саналады.

Нұрлан Дулатбеков, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры:
-Конституция жай ғана нормативтік, құқықтық акт емес, сонымен бірге ол біздің еліміздегі әлеуметтік, экономикалық және саяси қатынастардың дамуына негіз болады. Кез келген сұраққа жауап іздеуде басты бағыт, бағдар болады.

Жиында мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтті. Белсенді және қамқор қарағандылықтарға облыс әкімінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларға құрмет көрсетілді.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Лиана Жамлиханова, Сайлау Игликов, Зарина Зулпыхар