Жолдау-2024: ел экономикасын дамыту үшін қандай шаралар қолға алынуы тиіс?
Атом электр стансасын салу бойынша жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтеді. Бүгін Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы барысында Президент осындай мәлімдеме жасады. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Сондай-ақ ел дамытуы үшін тағы қандай шаралар қолға алынуы тиіс?
Энергетикалық саясатты картаның ойынына баласақ, бұл жерде әрбір фигура маңызды. Қолда бар көмір, жел, су, күн және газдан қайнар алатын стансалар елдегі энергетикалық тапшылықты шешуге сеп. Бірақ қуат көзіне стратегиялық тәуелділік мәселесін шешіп беретін Тұз көзір болса, ол - атом энергиясы.
Бүгінгі жолдау күнінің басты жаңалығы бәлки осы да болар, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық таңдаудың күнін атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Әртүрлі пікірлер ескерілуі керек, әртүрлі пікірлер болады. Жақтайтындар болады, жақтамайтындар болады. Оң немесе теріс шешімді қабылдау ол ертең референдумда іске асады деп ойлаймын. Халық өзінің таңдауын жасауы керек.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Кәсіпкерлер тарапынан депутаттарға айтатын мәселелердің ішінде электр қуатына тапшылық жайлы, яғни рұқсатты айлап, жылдап күтетіндігі. Болашақта электр қуатына сұраныс артпаса кемімейді. Бір ғана жол шыны керек, әлемнің озық мемлекеттері шешімін тапқан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалана отырып бізде осы тапшылықтың алдын алуымыз керек.
Энергетикамен қатар әсіресе әрбір адам үшін өзекті - коммуналдық бағытқа да өзгерістер қажет. «Ұзақмерзімді» нақты тариф саясаты қажет»,- деді Президент. Себебі ол - салаға «ұзақмерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Бірақ тариф орынсыз өсіп, тұтынушының қалтасына қақпауы тиіс. Сол үшін жылдың соңына дейін энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту қажеттігін атап өтті Мемлекет басшысы.
Келесі жылдан бастап бұл бағытта нақты ережелер енгізіледі. Ол көп тұтынсаң, көп төлейсің қағидатына құрылмақ. Жолдауда айтылған аса маңызды аспектінің бірі – бизнесті қолдау. Мемлекеттің, әсіресе Ұлттық қордың ақшасы оңды-солды шашу жол емес. Инвестициядан бөлек елде іскерлік белсенділікке қан жүгірту ләзім. Осы мақсатта жазылып жатқан жаңа Салық кодексін қабылдауға ертерек. Барлық тараптың мүддесі ескерілуі шарт.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігін атап өтті.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ол не деген сөз? Кім көп табыс алса, ол көп төлеуі керек. Кім аз табыс алса, ол аз төлеуі керек.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
-Салық кодексін қазіргі күйінде қабылдаса, барлық тарапқа тиімділік алып келеді деуге келмейтін еді. Кей тұста ол кедергі де туғызуы мүмкін. Сондықтан салық кодексі шынында да жазалаушы емес, бизнесті желеп жебеуші құжат болуы тиіс.
Ақша-несие саясатының басты бағыты табыстың тұрақтылығы мен бизнестің баяндылығына алғышарт жасау. Сондықтан:
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
-Кәсіпкерлік субъектілері банктен кредит алып, өз кәсіпкерлігін ашам десе, өндірісті дамытам десе, қазіргі кезде оның пайызы 18-22% жетеді. Онымен бизнесті, кәсіпкерлікті дамыта алмаймыз. Сондықтан да Мемлекет басшысы, жалпы мына субсидия беруден көрі болашақта кредиттің қол жетімділігін қамтамасыз етуді тапсырып отыр. Яғни жеңілдетілген несие беру жүйесін қалыптастыру керек.
Оның сыртында мемлекет берген қаражатқа өндіріс ашып жатқандар бар, бірақ олардың тиімділігі қандай? Қазынаға қандай қайыры бар? Болмаса тексеріледі. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске қолдау күшейтілуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқыққорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі. Бұған қоса, бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық.
9 бағытты қамтыған 2024 жылдың Жолдауында айтылған дүниелердің бұл бір парасы ғана. Тәпсірлесек 24 сағатқа өзек болады. Аңдағанымыз, энергетика, бюджет, салық саясаты болсын, кез келген міндет пен меже прагматикалық нақты істерге құрылған. Жалпақ тілге салсақ, көп сөз, ол көп сөз, аз сөз – алтын сөз. Сөзден іске.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Азамат Сәметов, Айдос Медельбеков