Абай облысының тұрғындары тозығы жеткен көпір арқылы қатынауға мәжбүр
Ал Абай облысындағы Үшбиік ауылының тұрғындары тозығы жеткен көпір арқылы қатынауға мәжбүр. Ауылды Ащысу өзені екіге бөліп тұр. Ал екі аралықты жалғап тұрған көпір апаттық жағдайда тұр. Жергілікті жұрт қыста отын көмірсіз қаламыз ба, - деп алаңдаулы. Ауыл халқы жергілікті билікке шағымдарын жеткізгенімен, әлі күнге дейін нәтиже болмаған.
Төлеубек Ахметжановтың Үшбиік ауылында тұрғанына 50 жылға жуықтаған. Айтуынша, бұл көпір 70-ші жылдары шаруашылық тәсілмен салынған. Содан бері жаңартылмаған. Жергілікті жұрт әкімдікке талай барып, шағымдарын жеткізген.
Төлеубек Ахметжанов, ауыл тұрғыны:
- Бұл проблема шешімін таппай келе жатыр. Құжаттары былтырдан бері жасалды деп айтылды. Біраз өзіміз көрген жоқпыз. Тамыз айы болды міне, ешқандай құжат та көрген жоқпыз, ақшаның бөлінгенін де естіген жоқпыз. Ешқандай жұмыстар басталған жоқ.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Бұл көпір соңғы рет 2011-ші жылы күрделі жөндеуден өткен. Содан бері ешқандай жұмыс жасалмаған. Көктемдегі су тасқыны кезінде қарғын су шайып қоршауын осылай құлатып кеткен. Қазір бұл нысан апаттық жағдайда тұр.
Жергілікті халықтың айтуынша, жауынды күндері жүк көліктері өте алмай бірнеше мәрте жолда қалған.
Тұрсын Мүксінов, ауыл тұрғыны:
- Тыныс тіршілігіміз осы арқылы. Ертең көмір, шөп бар. Білмейміз ғой қандай қыс болатынын. Ел бала-шағасына қорқып отыр ғой мынадан. Мосттан құлап кетуі мүмкін. Қаншама мосттан құлап кеткен жағдайлар болды. Ол тағы да қайталануы мүмкін ғой.
Жарма ауданының әкімдігі мәселеден хабардар. Бірақ жаңа көпірдің құрылысы қашан басталатынын дөп басып айта алмады.
Берік Самежанов, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазір оған ағымдағы жөндеу жүргізіп отырмыз, ұстап отырмыз. Қазіргі таңда енді қатынас бар. Күрделі жағдай болғаннан кейін біз алдын ала жоспарлай алмаған болатынбыз көпірді салуға. Бюджетік өтінім бердік. Қаржыландыру көзі қалай шешіледі, біз солай бастайтын боламыз құрылысты.
Үшбиік ауылында салынатын жаңа көпірдің құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен. Аудан әкімдігі облысқа өтінім жіберіпті. Жергілікті билік өкілдері қаражат бөлінген бойда құрылысты бастаймыз деп сендірді. Бұл нысанды салуға 362 млн теңге қажет.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов