Хабар телеарнасы

Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартылады

Ауыл шаруашылығында атқарылуы тиіс бірқатар міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, енді салада тың істер атқарылатын болады.

Нақты айтқанда, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартылады. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда бүкіл ақшаның 70%-і – мемлекет қаржысы. Сондай-ақ салаға коммерциялық банктердің де қаражаты тартылмақ. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіріледі. Ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталғаны мәлім. Енді оның аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесі қарастырылады. Ауылдықтарға өз өнімдерін өңдеуге және сату үшін инфрақұрылым құру да маңызды. Бұдан бөлек, әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Мұндай жоба «AMANAT» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылған еді. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек.

Мамандардың пікірінше, бұл міндеттерді іске асыру ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға серпін береді. Әсіресе қаржыландыруда таңдау мол болады.

Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде 300 мыңнан астам әртүрлі формадағы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар жұмыс жасайды. Ал енді ауыл шаруашылығын қалыпты, тиянақты жүргізу үшін ең алдымен, қолжетімді несие керек. Бұл жөнінен Мемлекет басшысы дөп айтты. Үкімет банк арқылы да шаруалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады. Қызығушылық болады ғой.