Хабар телеарнасы

Қазақстан ресми түрде тазы тұқымының иесі деп танылды

«Тазы – қазақтың ежелгі ит тұқымы». Халықаралық кинология федерациясының Бас комитеті «Қазақ тазысын – қазақы ит тұқымы» деп ресми тану туралы шешім қабылдады. Ал Қазақстанға оның иесі деген мәртебе берілді.

Бұл туралы Президенттің Іс басқармасы ресми сайты хабарлады. Алдағы уақытта иттердің денсаулығына бірқатар тест жасалып, жаңадан туған тазы күшіктерінің санағы жүргізілмек. «Осылайша федерация Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады», – дейді елімізді жағымды жаңалықпен құттықтаған ұйым президенті Тамаш Яккель.

Естеріңізге сала кетейік, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2022 жылдан бастап Президент Іс басқармасының қарауына алынған еді.

Абзал Досыман, итбегі:

- Қазақстандағы бар тазылардың барлығы цифрландырылып, арнайы бір ақпараттық жүйе құрып, сол жүйеде Қазақстандағы әрбір тазы туралы ақпарат болу керек. Оның иесі туралы. Былайша айтқан кезде заман талабына сай онлайн шежірелері болу керек.